​Биыл 220 елді мекен тұрғындарына 2 медициналық пойыз қызмет көрсетеді

0
1 236

2019 жылы 6 ай бойы 190 елді мекенді (темір жол стансасын) қамтып, кемінде 89 мың адамды медициналық көмекпен қамтамасыз ету жоспарланған.


​Биыл 220 елді мекен тұрғындарына 2 медициналық пойыз қызмет көрсетеді

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылы «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары шалғайдағы 220 елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин атап өткен, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы 2 медициналық пойызды («Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» пойыздар) шығару жоспарланған. Медициналық пойыздар төмендегідей қызметтер көрсетеді: бейінді мамандардың (офтальмолог, отоларинголог, невролог, хирург, акушер-гинеколог, кардиолог, стоматолог, терапевт, маммолог, педиатр және т.б.) қабылдауы және кеңесі», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Асқар Маминнің жазуынша, медициналық пойыздардың шамамен 220 елді мекенге (темір жол стансаларына) қызмет көрсетуіне қажеттілік бар.

«Мәселен, 2018 жылы медициналық пойыздар 4 ай бойы жұмыс істеді және медициналық көмекпен 127 елді мекен (темір жол стансасы) қамтамасыз етіліп, 38 604 адам тексеруден өтті. 2019 жылы 6 ай бойы 190 елді мекенді (темір жол стансасын) қамтып, кемінде 89 мың адамды медициналық көмекпен қамтамасыз ету жоспарланған», - деді Премьер-Министр.