Биыл шетелдік ЖОО-мен 11 стратегиялық әріптестік орнатылады

0
169

Кәсіби бағдар беру – Қазақстандағы маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жоғары сынып оқушыларының мамандық таңдауына жағдай жасалуы керектігін қадап айтқан.


Биыл шетелдік ЖОО-мен 11 стратегиялық әріптестік орнатылады

ERNUR.KZ. Осыны ескере отырып, Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы оқу жылынан бастап Қазақстанның бірнеше өңірінде кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыстар жүргізген. Оның нәтижелері жайында ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев ОКҚ алаңында айтты.

Мәселен, Жаңаөзен қаласында Ата-аналар форумы өтті. Жиында кәсіптік бағдар беру, ҰБТ тапсыру бойынша толық ақпарат берілді. Кейін Атырау, Қызылорда, Астана, Қостанай қалаларында да осындай жұмыстар жүргізілді. Ақпараттық-түсіндіру шаралары облыс орталықтарымен ғана шектелмей, аудан орталықтарында да өткізіліп жатыр.

«Ерекше атап өткіміз келетіні бұл – Қызылорда облысы. Қызылорда облысының әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігі Қызылорда облысының 6 ауданында, тіпті шалғай жатқан Арал ауданында, Қазалыда, Шиеліде, Қармақшы ауданында мектеп бітірушілер, ата-аналармен кездесіп, кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыстар жүргізген», – деді спикер.

Министрлік өткізетін маңзыды шаралардың бірі – «Study in Kazakhstan» атты шетелдік ЖОО филиалдарының көрмесі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде үздік шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасын орындау, талантты жастарды қолдау және жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2022-2024 жылдары аралығында 23 стратегиялық серістестік орнатылды. Соның негізінде Қазақстанда 23 шетелдік ЖОО филиалдары мен қос дипломдық бағдарламалар іске қосылды. Биыл осындай 11 стратегиялық серістестік орнатылмақ.

«Study in Kazakhstan» көрмесі аясында ағымдағы жылдың 29 қаңтары мен 12 ақпаны аралығында еліміздің 7 қаласында 23 филиалдың өкілдерімен кездесулер өткізілді. Бұл кездесулерде ата-аналар мен талапкерлер шетелдік жоғары оқу орындары жайлы толық ақпарат алды.

Шара аясында шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ерекшеліктерін ескере отырып, мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар беру бойынша шеберлік сабақтары өткізілді, түрлі викториналық ойындар ойнатылды.

Жоғары білім көрмесін өткізу аясында 3-11 сәуір аралығында Ақтөбе, Атырау, Жаңаөзен қалаларында кәсіптік бағыт-бағдар беру бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.