Алтауы да терроризм үшін өмір бақи түрмеге жабылған.
Фото: видеодан коллаж
ERNUR.KZ. Жуырда әлеуметтік желіде Иракта өмір бойына сотталған алты қазақстандық әйелдің үндеуі тараған еді. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан елге оралуға көмектесуді өтінген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Түрмеде отырған әйелдер өз ісіне өкінетінін және Иракқа соғысу үшін емес, күйеулері үшін келгенін айтқан.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз осымен сегізінші жыл Ирак түрмесінде өмір бойына берілген жазаны өтеп жатырмыз. Біз алданып қалдық, қатты өкінеміз, қатемізді түсінеміз. Біз барлық істеген ісімізге, нақты айтқанда күйеулеріміз үшін Ираққа келгенімізге өкінеміз. Біз бұл жерге соғысуға келген жоқпыз. Сізден бізге мейірімділік танытып, отанымызға, балаларымызға, жақындарымызға оралуға және жаңа өмір бастауға көмектесуіңізді сұраймыз», - дейді Ирактағы қазақстандықтар.
Бас прокуратураның ақпаратынша, алты отандасымыз 2018 жылы Ирак Республикасында террористік ұйымға қатысқаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Олар: Е.В. Бердникович, З.К. Кәриева, З.М. Қахарманова, Н.А. Калоша, Р.К. Мансұрова және Э.М. Омарова.
Қазақстан тарапы осыдан екі жыл бұрын Ирактан азаматтарымызға жазасын өз елінде өтеуге мүмкіндік беруді сұраған. Бірақ Ирак өтінішті қанағаттандырмаған.
«2023 жылы 10 мамырда осы азаматтардан бұған дейін келіп түскен өтініштер негізінде Ирактың құзыретті органдарына дипломатиялық арналар арқылы өзара түсіністік қағидаттары бойынша жазаны одан әрі өтеу үшін оларды Қазақстанға беру туралы сұрау жіберілді. Алайда Ирак тарапы біздің өтінішімізді қолдамады», - делінген бізге берген жауапта.
Бас прокуратурадағылардың айтуынша, әйелдер Ирак сотының үкімімен келіспейді, Қазақстан тарапынан да оларды ақтап алып шығуға көмектесуді сұрап отыр.
«Осыған орай, қазір Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі осы сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерімен айналысып жатыр. Шетелде Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау дипломатиялық қызмет органдарының құзыретіне жататынын ескере отырып, аталған тұлғаларға қатысты Ирак үкімдерін қайта қарау мен кейін олардың елге оралу мәселесін пысықтау үшін Сыртқы істер министрлігіне тиісті хат жіберілді», - деп мәлімдеді Бас прокуратура.