Сондай-ақ Болат Мажағұлов өмір бойы мемлекеттік қызмет ету құқығынан айырылды.
Фото: kitap.kz
ERNUR.KZ. Елордада Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен оның сыбайласына сот үкімі шықты, деп жазады inform.kz.
- Болат Мажағұлов Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-тармағының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деген үкім шығарды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Мұқашева.
Сондай-ақ Болат Мажағұлов өмір бойы мемлекеттік қызмет ету құқығынан айырылды.
Айта кетсек, елорданың Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Еске сала кетсек, елорданың Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов былтыр күзде ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын (1 млрд теңге) жымқыру күдігіне іліккенін хабарлады.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. Күдікті, Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды.
Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар.
Аталған іс бойынша күдіктілерге тиесілі 572 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.