Бүлікшілер сарбазды ұрып қызметтік итін ұрлап кеткен

0
824

Ұрланған із кесуші ит Ұлттық Ұланға тиселілі болған.


Бүлікшілер сарбазды ұрып қызметтік итін ұрлап кеткен

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде шабуылдаушылар сарбаздардың қызметтік итін де ұрлап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ефрейтор Рүстембек Байхарашев 5 қаңтар күні басынан жараланып, есінен жоғалтып алғанда бүлікшілер оның итін тартып алған. Кинолог-сарбаз «Найтспен» бірге бір жылдай жұмыс істеп келген. Оның айтуынша, ит өте ақылды, бұйрыққа үйретілген, мейірімді және тәртіпті. «Найтс» атты қызметтік ит бір аптадан соң табылып, оны ұрлаған күдікті қамауға алынды.

«Шабуыл жасаушылар басымнан ұрды, сол кезде сәл әлсірегенімді пайдаланып, бауы қолымда тұрған қызметтік итімді алып кетті. Есімді жиған кезде қылмыскерді суреттеп беруге күш таптым. Оны бүгін қамауға алды. Полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын», - деді Рүстембек Байхарашев.

Бір-бірінен адасып қалған иесі мен ит полиция бөлімшесінде кездесті. Мүмкіндікті пайдаланып қызметтік итті қолды қылған жігіт Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Ол «Найтсқа» ауласын күзеттіріп қойған.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Алматы облысы аумағында шаһарға жақын жерде жаппай тәртіпсіздіктің белсенді қатысушы – 1989 жылы туған А.есімді азамат ұсталды. Төрт аяқты жауынгер бауға ілініп, аумақты күзетіп тұрған. Қазір ұсталған азаматтың жеке басы қайғылы оқиғалар кезінде болған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деді Әуезов аудандық ПБ бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.