Өткен аптада футболдан Қазақстан құрамасы Парижде Франциядан ірі есеппен жеңілді (0:8). Осы ойыннан кейін қоғамда резонанс туындады.
ERNUR.KZ. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекет тарапынан отандық футболды қаржыландыруға қатысты пікір білдірді, деп жазады exk.kz.
Өткен аптада футболдан Қазақстан құрамасы Парижде Франциядан ірі есеппен жеңілді (0:8). Осы ойыннан кейін қоғамда резонанс туындады. Сарапшылар футболды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды доғару керек деген ойлар айтты. Кеше Мәжілісте депутат Қазыбек Иса футболға бөлінген қаржыны басқа мектеп, жол салуға жұмсайық деген ұсыныс айтқан еді.
"Хабар" арнасындағы "Ашық диалог" бағдарламасында Дәурен Абаев футболды қолдаудан толық бас тартуға болмайтынын түсінуіміз керектігін жеткізді.
"Президент кәсіби спортқа қарағанда бұқаралық балалар спортына баса назар аударуды тапсырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Алайда біз отандық футболды қолдаудан толық бас тартуға болмайтынын түсінуіміз қажет. Футбол — әлемдегі ең танымал спорт түрі. Футболды елемей, бұқаралық және балалар спортын дамыту мүмкін емес. Талантты, дарынды балалар үшін кәсіби клубтарда ойнау жақсы ынталандыру деп білемін", — деді ол.
Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Франциядағы жеңілістен кейін құрама жігіттері көп ауыр сөз естігенін, бірақ ол үшін еңселерін түсіре бермеуге шақырды.
"Ешкімді сынағым келмейді. Жігіттер онсыз да көп ауыр сөз естіді. Алда әлі қыруар жұмыс бар. Еңсені түсірмеу керек", - деді Дәурен Абаев.