ДДСҰ: Қазақстандағы пневмония COVID-19 болуы мүмкін

0
856

Пневмонияға шалдыққандардың тесттері жалған теріс нәтиже көрсетуі мүмкін.


ДДСҰ: Қазақстандағы пневмония COVID-19 болуы мүмкін

ERNUR.KZ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан Қазақстандағы пневмонияның көбі COVID-19 ауруы болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады azattyq.org.

Оның сөзінше, пневмонияның көптеген қоздырғышы болуы мүмкін, бірақ елде коронавирус өршуін ескерсе, олардың көбі COVID-19 ауруы болуы ықтимал.

"Ел билігі кейінгі жеті күнде 10 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталғанын айтты. Демек елде коронавирустың өзі қатты өршіп отыр. Біз қазір тестілеуге және оның сапасына көңіл бөліп жатырмыз. Пневмонияға шалдыққандардың тесттері жалған теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл рас болса, пневмонияға шалдыққандардың көбі COVID-19 инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін. Бірақ мұны уақыт көрсетеді" - деді Райан жұма 10 шілде күні Женевадағы брифингте.

ДДСҰ-ның Қазақстандағы індеттің өршуіне назар аударуына елдегі Қытай елшілігінің хабарламасы түрткі болды. 9 шілде күні елшілік азаматтарына Қазақстанда “COVID-19 вирусымен салыстырғанда әлдеқайда көп адамның өліміне әкеп соғатын” “белгісіз пневмония” бар деген ақпар таратқан. Елшілік сайтында жарияланған бұл хабарламаны Гонконгтің South China Morning Post басылымы іліп әкетіп, әлемдік БАҚ-тың назарын аудартты. Кейінгі екі үш күнде батыс басылымдары Қазақстандағы “белгісіз пневмония”туралы жарыса жазды. 10 шілде күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елшілік ақпаратын терістеді, бірақ “жалған”ақпаратты таратушы ретінде елшілікті емес, “кей БАҚ-тарды”көрсетті. Артынша Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоға қоңырау шалды. Елшілік бастапқы мәлімдемесіне өзгеріс енгізіп, “белгісіз” сөзін алып тастады.

Қазақстанда жаз басталғалы COVID-19 індеті өршіп, белгілері коронавирустікіне ұқсайтын ПТР нәтижесі теріс пневмония жағдайлары күрт артқан. Дәрігерлер қазір пневмонияның ушығатын уақыты емес, ауруды коронавирус инфекциясы қоздырып жатыр дейді. Денсаулық сақтау министрлігі министрлігі жақында пневмонияны ресми түрде “ықтимал коронавирустық инфекция”деп жіктеуге көшті. Алайда COVID-19 инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР талдауы теріс нәтиже көрсеткен пневмония жағдайлары коронавирус статистикасына әлі де кірмей отыр.