Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда «Фавипавир» қалай қолданылатынын түсіндірді

0
816

Фавипиравир 2014 жылы Жапонияда жасалған. Тұмауға қарсы препарат ретінде ресми түрде қолданылып келеді.


Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда «Фавипавир» қалай қолданылатынын түсіндірді

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті COVID-19 індетіне қарсы 11-ші хаттамасына «Фавипавир» препараты неліктен енгізілгенін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетіне қарсы ем-дом шарасының 11-ші хаттамасын жариялағаны жайлы әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар вирусқа қарсы тиісті препаратты табу - COVID-19 пандемиясына қарсы күресте барлық мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесінің басымдыққа ие міндеті екенін хабарлаймыз. COVID-19 індетіне қарсы пайдаланылып жатқан вирусқа қарсы препараттың бәрі де тәжірибелік болып саналады. Әрі ол клиникалық зерттеу аясында қолданылады», - деп хабарлайды комитеттен.

Бұрын бұл көрсеткіш бойынша лопинавир/ритонавир және гидроксихлорохин секілді препараттар қолданылып келген. Алайда клиникалық зерттеу нәтижесі олардың тиімділігін растамаған. Ол туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеме жасаған.

«Осы ғылыми мәліметтер негізінде лопинавир/ритонавир және гидроксихлорохин Сапа бойынша біріккен комиссияның 2020 жылдың 15 шілдесіндегі шешімімен Қазақстанның да клиникалық хаттамасынан алынып тасталды. Қазіргі уақытта клиникалық хаттаманың 11-ші редакциясы әлі шыққан жоқ. Соңғысы – 10-шы редакция (10.2). Оған фавипиравир мен ремдесивир секілді вирусқа қарсы препараттар енгізілді. Көптің талқысына түскен фавипиравир 2020 жылдың 20 маусымындағы клиникалық хаттамаға кіргізілген. Ол тек стационарлық деңгейде қолданылады», - делінген хабарламада.

Комитет сонымен қатар әлемнің әртүрлі мемлекетінде, соның ішінде АҚШ-та, Еуропа елдерінде осы препарат бойынша көптеген клиникалық зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Тіпті кейбір елде зерттеу қорытындысына сәйкес фавипиравир COVID-19 (Ресей, Түркия, Үндістан) ауруын емдейтін препараттар тізіміне енгізілген.

«Фавипиравир 2014 жылы Жапонияда жасалған. Тұмауға қарсы препарат ретінде ресми түрде қолданылып келеді. Сонымен бірге қазіргі уақытта қазақстандық клиникалық хаттама халықаралық үздік мәліметтерге сәйкес симптомды және патогенетикалық терапияға басымдық береді. Оған сәйкес хаттаманың соңғы редакциясы бойынша амбулаториялық деңгейде парацетамолды, ибупрофенді, сондай-ақ антикоагулянттарды (ривароксобан, апиксабан, дабигатран) пайдалануға кеңес берілді», - делінген комитеттің хабарламасында.