«Дикий Арманның» қаңтар оқиғасына қатысы туралы мәліметтер белгілі болды

0
878

Қазақстанның түпкір-түпкірінде қылмыс ұйымдастырған 27 адам анықталды.


«Дикий Арманның» қаңтар оқиғасына қатысы туралы мәліметтер белгілі болды

ERNUR.KZ. Прокуратура органдары 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын қадағалап отыр. Республиканың əр өңірінде осы қылмыстарды ұйымдастырды деген күдікпен 27 адам анықталды, деп жазады Azattyq Ruhy.

Айта кетерлігі, осы аталған 27 адамның арасында Алматы əуежайына шабуыл жасап, «Көктөбе» телемұнарасын басып алуға əрекет жасаған күдіктілер де бар.

«Қылмыстық ортада кеңінен танымал «дикий Арман» лақап атты Джумагелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына оқиға қатысушыларының бірі Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйіне келген қылмыскерлерге «Glock» жəне «Макаров» маркалы тапаншаларды таратып, оларға нұсқау жасап отырған. Олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған қылмыстарындағы рөлдерін анықтады. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы жəне 200 мың теңге ақша берілді», - дейді Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.

Оның айтуынша, «Дикий Арман» серіктестеріне суық қару, дубинка мен басқа заттар тапсырып, өз адамдарын тану үшін әрқайсысының жеңіне ақ мата тағып берген.

«Аталған қарулы қылмыскерлер тобы қаланың əртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, «Ritz Carlton» жəне «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен, жəбірленушілерді қала шетіне шығарып, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойыла отырып, металл контейнерге қамалған. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 40 күдікті қамауға алынды», - дейді ол.