АҚШ-тағы әуе апаты видеоға түсіп қалды

0
103

Бейнежазбадан ұшақтың аспаннан тік құлап, соқтығысқан жерде жойқын өрт шыққанын көруге болады.


АҚШ-тағы әуе апаты видеоға түсіп қалды

Видеодан кадрлар

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 жеке бизнес-джеті апатқа ұшырады. Бортта болған тоғыз адамның барлығы қаза тапты. Қайғылы оқиға сәті видеоға түсіп қалған, деп жазады tengrinews.kz.

АҚШ Көлік министрі Шон Даффи X әлеуметтік желісінде әуе апаты 1 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 12:50 шамасында Гринэйкрс қаласына жақын маңдағы Палм-Бич округінде болғанын хабарлады. Бейнежазбадан ұшақтың аспаннан тік құлап, соқтығысқан жерде жойқын өрт шыққанын көруге болады. Оқиға орнынан қою қара түтін көкке көтерілген.


Ұшақ Багам аралдарына бет алған

АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасының (FAA) мәліметінше, ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан ұшып шығып, Багам аралдарына бағыт алған. Көлік министрі Шон Даффи борттағы тоғыз адамның бәрі мерт болғанын растады. Ол бұл оқиғаны жантүршігерлік трагедия деп атады.

Пилоттар апат сигналын берген

Сондай-ақ экипаждың диспетчерлермен соңғы рет не сөйлескені белгілі болды. Aviation International News хабарлауынша, апат алдында пилоттар мұздану, жауын-шашын және қатты турбуленттілік туралы айтқан.

Экипаж биіктік алуға рұқсат сұрағанымен, көп ұзамай биіктік күрт төмендегенін және рұқсат етілген жылдамдықтың асып кеткенін хабарлаған. Пилоттар апат сигналын беріп, диспетчерлерге қауіпті жағдай туралы жеткізуге тырысқан.

Соңғы радиобайланыста экипаждың уақыты таусылып бара жатқаны туралы фраза естілген.

Әуе апатының себептері әзірге анықталған жоқ. Тергеумен АҚШ-тың Көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық кеңесі (NTSB) және Федералдық авиация басқармасы айналысып жатыр.