Мәжіліс депутаттары мәдениет және спорт министрінің дәлелдерінен кейін осындай шараны мақұлдады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына бірден пәтер берілмейтін болады. Бастапқыда баспана жалға алу құқығында беріледі. Жаңа ереже бойынша, чемпиондар пәтерді 10 жылдан кейін өз атына аудара алады. Әрине, аталған уақытта допинг дауы болмаса. Мұндай ереже күні кеше мәжіліс қабырғасында мақұлданды, деп жазады Oinet.kz.
Мәжіліс депутаттары мәдениет және спорт министрінің дәлелдерінен кейін осындай шараны мақұлдады. Әдетте ірі жарыстардың жеңімпаздары бірден пәтер иеленетін еді. Алайда допинг дауы болған жағдайда, шенеуніктер баспананы қайтарып ала алмайды.
Егер мұндай заң қабылданса, аталған шаралар бұған дейін болған допинг дауларына әсер етпейді. Спорттан шеттетеу, барлық атақ, ақшалай сыйлық пен пәтерден айыру тәрізді шаралар заң қабылданғаннан кейін ғана допинг қолданғаны анықталған спортшыларға қатысты қолданылады.
Сонымен қатар оларға 200 АЕК көлемінде (505 мың теңге) айыппұл төлеуге тура келеді. Мұндай жаза бапкерлерге де беріледі.
«Жеңімпаздарға берілетін үй жергілікті атқарушы органның қазынасынан бөлінеді. Ол бірден 10 жылға қайтарымсыз жалға беру құқығында беріледі. Егер 10 жыл ішінде допинг қолданғаны анықталмаса, баспана спортшының меншігіне өтеді», - дейді мәжіліс депутаты Наталья Жумадильдаева.