Спикер 2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы мемлекеттік орман қоры аумағына 2 млрд дана ағаш пен бұта отырғызуды тапсырғанын еске салып өтті.
ERNUR.KZ. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында еліміздің мемлекеттік орман қоры мен елді мекендерінің аумағында көктемгі ағаш отырғызу қорытындылары туралы айтып берді.
Спикер 2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы мемлекеттік орман қоры аумағына 2 млрд дана ағаш пен бұта отырғызуды тапсырғанын еске салып өтті. Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде облыстар бойынша орман отырғызу және егу көлемі ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланған.
Екпелерге қоғамдық мониторингті жүзеге асыру үшін интерактивті карта жасалды, ол орман шаруашылығы іс-шараларының жүргізілуіне қарай жаңартылады.
«Орман иелерінің мүмкіндіктерін және тәлімбақтарда отырғызу материалының болуын ескере отырып, орындау мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылды. Бүгінгі жағдай бойынша 2021 жылдан бастап республика бойынша 877,5 мың га алқапқа 1 млрд 369 млн дана көшет отырғызылып, егілді», – деді Мақсат Елемесов.
Спикердің мәліметінше, ағымдағы жылдың көктемінде 141 мың га алқапқа 225 млн дана ағаш отырғызылды. Ведомство өкілі күзде орман отырғызу жұмыстары жалғасатынын, осылайша 153 млн дана ағаш пен бұта отырғызу жоспарланғанын айтты.
Жергілікті атқарушы органдар қалалар аумағында тұрғындар үшін қолайлы орта құрудың маңыздылығын ескере отырып, 2021 жылдан бастап 15,7 млн ағаш пен бұта отырғызды. Осылайша, Мемлекет басшысының отырғызу жоспары бойынша тапсырмасы орындалды.
2025 жылы 3,1 млн ағаш пен бұта отырғызу көзделген. Осы жылдың көктемінде елді мекендерде 1,4 млн-нан астам өсімдік отырғызылды. Қалғаны күзде егілмек.
«Ағымдағы жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде 405 іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 1,7 млн-нан астам ағаш отырғызылды, еліміздің 584 мың га-ға жуық аумағы тазартылды. Акцияға қатысушылардың жалпы саны шамамен 1,4 млн адамды құрады, оның ішінде бүкіл ел бойынша 82 мыңнан астам волонтер бар. Эко-сағаттар аясында жоғары оқу орындары мен мектептерде экожүйелерді сақтау және орнықты даму бойынша дәрістер өткізілді. Сондай-ақ аумақтық экология департаменттерінің зертханасында экскурсиялар ұйымдастырылып, студенттер қоршаған ортаны бақылау құралдарымен танысты. Барлығы 5 мыңнан астам студент қатысты», – деді Мақсат Елемесов.