Елімізде 74 гидротехникалық құрылыс қалпына келтірілді

0
272

2024 жылы 84 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өтті.


Елімізде 74 гидротехникалық құрылыс қалпына келтірілді

ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жоспары бойынша өткен жылғы су тасқынының салдарын жою және биылғы су тасқынының алдын алу үшін 13 облыстағы гидроқұрылыстарда 43 іс-шара іске асырылды. Бұл: гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, каналдарды тазарту және жағалауды нығайту іс-шаралары. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ брифингінде атап өткендей, ведомствоның бассейндік инспекциялары ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазсушар» мамандарымен бірге бүкіл ел бойынша гидротехникалық құрылыстарға көзбен шолып тексеру жүргізді.

«Зерттеу қорытындысы бойынша 74 нысан қалпына келтірілді, 46 нысан жөнделіп жатыр, 18 нысан бойынша жобалық – сметалық құжаттама әзірленді. Гидротехникалық құрылыстардың барлық меншік иелеріне тасқын суды қауіпсіз өткізуге арналған іс-шаралар өткізу туралы ұсынымдар берілді», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі.

2024 жылы 84 гидротехникалық құрылыс көп факторлы тексерістен өтті. Бұл бастапқы жоспардан көп. 2025 жылы 105 коммуналдық және 24 республикалық нысанды тексеру жоспарланып отыр. Өткізу қабілетін жақсарту үшін 240 шақырым өзен арнасын тазарту, кеңейту және тереңдету жұмыстары жүргізілді. Еліміздің солтүстігіндегі ірі су қоймалары орта есеппен 81%–ға, оңтүстігінде – 83%–ға, батысында – 59%-ға, шығысында - 84%-ға және орталығында 79%-ға толы. Барлық нысанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

«Қазсушар» және бассейндік инспекциялардың мамандары күн сайын Tasqyn ақпараттық жүйесіне су қоймаларындағы су деңгейі бойынша деректерді енгізеді. Осы және басқа да мемлекеттік органдар ұсынатын мәліметтер негізінде су тасқынын модельдеу жүргізіледі.