Елімізде фитнес-клуб мамандарына бірыңғай біліктілік талаптары енгізілмек

0
110

Туризм және спорт министрлігі "Фитнес-клубтардың қызметі" кәсіби стандартының жобасын әзірледі.


Елімізде фитнес-клуб мамандарына бірыңғай біліктілік талаптары енгізілмек

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Құжаттың мақсаты – саладағы қызметті жүйелеу, фитнес қызметтерінің сапасын арттыру және дене шынықтыру мен халықты сауықтыру саласында еңбек ететін мамандарды кәсіби даярлауға бірыңғай тәсіл қалыптастыру, деп жазады inbusiness.kz.

Кәсіби стандартта фитнес индустриясындағы негізгі мамандықтарға қойылатын біліктілік талаптары айқындалған. Атап айтқанда, фитнес-нұсқаушы, фитнес-жаттықтырушы, топтық бағдарламалар жаттықтырушысы, шебер-жаттықтырушы, фитнес бағытының әдіскері және фитнес-орталық директоры сияқты мамандарға қойылатын талаптар қарастырылған.

Әр мамандық бойынша еңбек функциялары, қажетті білімі, біліктілігі мен кәсіби дағдылары белгіленген. Бірыңғай талаптар мамандарды даярлау, олардың кәсіби құзыретін дамыту және біліктілігін бағалау жүйесін қалыптастырады.

Жаңа стандарттың негізгі міндеттерінің бірі – фитнес-клуб келушілеріне көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. Дене белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту мақсатында спортпен айналысатын азаматтар тиісті біліктілігі бар мамандардан кәсіби қолдау алуы қажет.

Құжат фитнес индустриясының қазіргі қажеттіліктері мен сала өкілдерінің практикалық тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді. Оны әзірлеуге Қазақ ұлттық спорт университетінің, Invictus Academy және Champion Fitness School өкілдері қатысты.

Бұйрық жобасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ-мен және дене шынықтыру және спорт саласындағы кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісілді.

"Туризм және спорт министрлігі үшін фитнес индустриясын дамыту – ең алдымен, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Адам фитнес-клубқа келген кезде кәсіби қолдау алып, денсаулығын нығайтуға ықпал ететін қауіпсіз ортада жаттығуы керек. Мамандардың біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптар осындай кәсіби ортаны жүйелі түрде қалыптастырады", – деп атап өтті ведомство.

Кәсіби стандартты әзірлеу – Қазақстанда мамандарға қойылатын талаптары айқын, қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне басымдық беретін заманауи фитнес индустриясын қалыптастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.