Елімізде үйленетін жұптар некеге дейін арнайы оқудан өте алады

0
109

Тиісті бұйрық қабылданды.


Елімізде үйленетін жұптар некеге дейін арнайы оқудан өте алады

Фото: abrakadabra.fun

ERNUR.KZ. Отбасы күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының базасында кезең-кезеңімен енгізіп жатқан бағдарлама туралы жазды, деп жазады inbusiness.kz.

Үйлену тойына әдетте жан-жақты дайындалады, оның ішінде шығындарды есептейді, өтетін орынды таңдайды, қонақтардың тізімін жасайды. Ал тойдан кейін қалай өмір сүретіні туралы әңгіме кейінге қалып жатады. Ортақ қаржыны кім басқарады, үй шаруасындағы міндеттер қалай бөлінеді, екеуі де балалы болуға дайын ба? Қазақстанда болашақ ерлі-зайыптыларға осы мәселелерді некеге дейінгі оқыту сабақтарында алдын ала талқылау ұсынылады

Оқудан некеге тұруды жоспарлап жүрген жұптар, некені тіркеуге өтініш бергендер, сондай-ақ некеде тұрғанына бес жылдан аспаған ерлі-зайыптылар өте алады. Қатысу ерікті.

– Біз бұл жұмысты болашақ ерлі-зайыптылардың отбасын саналы түрде құруына көмектесу үшін бастадық. Адамдар некеге өздерінің қалыптасқан әдеттерімен және бірге өмір сүру туралы түсініктерімен келеді. Бұл ретте отбасы бюджетін жүргізу, міндеттерді бөлу және бала тәрбиесі мәселелері келіспеушілік туындағанға дейін талқыланбай қалуы мүмкін.
Некеге дейінгі оқыту осы мәселелерді мамандардың қолдауымен алдын ала талқылауға мүмкіндік береді. Біз жұптардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті түсінгенін, өз құқықтарын білгенін және бір-бірімен келісімге келе білгенін қалаймыз. Министрлік үшін бұл отбасылық жанжалдар мен ажырасулардың алдын алу бағыттарының бірі. Сондықтан біз оқытуды Отбасын қолдау орталықтарында енгізіп жатырмыз, мұнда адамдар некеге дайындық кезеңінің өзінде-ақ жүгіне алады, – деп түсіндірді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Бағдарлама алдын ала сынақтан өткізілді. 2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ Халық қоныстану қорымен (ЮНФПА) бірлесіп Астана мен Шымкент қалаларында 40 жұпқа тегін тренинг өткізді. 2025 жылы 300 жұп оқудан өтті.

Енді бекітілген әдістемелік нұсқаулық Отбасын қолдау орталықтарында сабақтарды қалай ұйымдастыру және оларға мамандарды қалай тарту керектігін айқындайды.

Бағдарлама 5 модульден тұрады. Әр модуль белгілі бір мәселелер тобына арналған.