Енді құрылыс компаниялары отандық материалдарды пайдаланып-пайдаланбағанын комиссия бақылайды

0
284

Бұл өзгеріс мемлекеттік бюджет есебінен салынатын нысандарға қатысты.


Енді құрылыс компаниялары отандық материалдарды пайдаланып-пайдаланбағанын комиссия бақылайды

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев отандық кәсіпорындарды қолдау аясында пысықталып жатқан заңнамалық өзгерістерге тоқталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Біріншіден, ірі тапсырыс берушілердің отандық тауарлар мен қызметтерді пайдалану бағдарламаларын бекіту және ұзақмерзімді шарттар мен офтейк келісім шарттар жасасу міндеттемелерін белгілеу жоспарланып отыр.

«Екіншіден, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын құрылыс жұмыстарында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын қолдануды бақылайтын комиссия құру көзделіп отыр», - деді Шарлапаев үкімет отырысында.

Ал үшіншіден, жаңа өндірістік нысандардың құрылысы барысында отандық тауар өндірушілерден материалдар мен жабдықтарды сатып алу бойынша міндеттемелер белгіленбек.

Министрдің айтуынша, биылғы жобалар пулында 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 15,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жыл басынан бері 158 млрд теңгеге 43 жоба іске қосылып, 2 мыңдай жұмыс орны ашылды. Оның ішінде Маңғыстау облысындағы КазАзот аммоний сульфаті, Қызылорда облысындағы Orda Glass энергия үнемдейтін шыны, Батыс Қазақстан облысындағы Каспи Мұнай Капитал мұнай газ жабдықтар өндірістері бар. Бұл жобалардың негізгі мақсаты импортты алмастыру.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін Шымкент қаласында Wan Sheng Ceramic керамикалық плиткалар өндірісі, Қостанай облысында KamLitKZ жүк автомобильдері компоненттерінің өндірісі, Пружина теміржол вагондарына арналған пружиналар өндірісін іске қосу көзделген.