Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болды.
ERNUR.KZ. Атырау облысының Индербор кентінде пәтер өртеніп, екі бала мерт болып, екі адам ауруханаға түскен еді. Полиция қызметкерлері өртке қатысы бар күдіктіні ұстап, қамауға алды, деп жазады inform.kz.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Индербор кентіндегі пәтер өртіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері пәтер өртіне байланысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Соның нәтижесінде пәтер өртіне қатысы бар күдікті ұсталды. Қазір 31 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысындағы Индербор кентінде өрттен екі бала мерт болғанын жазған едік.