Қайсар Қамза мен басқа блогерлерді заңсыз казино жарнамасына тартқан өзбекстандыққа іздеу жарияланды

0
107

​Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казиноларды жарнамалаған Өзбекстан азаматына халықаралық іздеу жариялады. Ол 35-тен астам блогерді тартқан.


Қайсар Қамза мен басқа блогерлерді заңсыз казино жарнамасына тартқан өзбекстандыққа іздеу жарияланды

фото:baq.kz.

ERNUR.KZ. Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады. Ол Қазақстанда заңсыз интернет-казиноларды жарнамалауға қатысы бар деген күдікке ілінген, деп жазады baq.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал, 2000 жылғы 19 ақпанда туған Өзбекстан азаматы Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады.

Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция берген.

Тергеу мәліметінше, Махмуд Хикматов «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттаған деген күдікке ілінген.

Агенттік Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылғанын хабарлады. Оның көмегімен интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу тетіктері жолға қойылған. Бұл үшін эквайринг, мобильді төлемдер және криптовалюта пайдаланылған.

Сонымен қатар заңсыз ойындарға Қазақстан азаматтарын барынша көп тарту үшін әлеуметтік желілерде жарнама таратылған.

Блогерлерді тартқан

Тергеу нұсқасына сәйкес, интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар Махмуд Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдарды жариялату міндеті жүктелген.

Осы мақсатта Хикматов блогерлерден олардың әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын сұратқан. Атап айтқанда, жазылушылардың демографиялық және географиялық көрсеткіштері, сондай-ақ жарияланымдардың қамту аудиториясы туралы мәліметтер жиналған. Жарнама үшін төленетін ақы осы көрсеткіштерге қарай белгіленген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті осындай жолмен 35-тен астам блогерді жарнамаға тартқан. Олардың арасында блогер Қамза Қ. да болған.

Тергеу дерегіне сәйкес, аудиториясы ауқымды Қайсар Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Ол пайдаланушылардың әрбір сілтемеге өтуі үшін сыйақы алып отырған.

Еске салайық, Қайсар Қамза 2026 жылғы 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған.

Қаржылық мониторинг агенттігі халықаралық іздеуде жүрген Махмуд Хикматовтың орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды ведомствоға хабарласуға шақырды.

Кезекші бөлім: +7 7172 70 84 78.

Агенттік ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталатынын және сыйақы төленетініне кепілдік берілетінін хабарлады.