Айыпталушы Алматы әуежайында Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалу кезінде ұсталды.
фото: Pexels / Tima Miroshnichenko
ERNUR.KZ. Елорда тұрғыны Telegram мессенджері арқылы терроризмді қолдауға бағытталған материалдар мен идеологияларды таратып, Сириядағы лаңкестік топқа қатысуға бағытталған әрекеттерді дайындаған, деп жазады sputnik.kz.
Кінәлі адам полиция қызметкерлерімен Алматы әуежайының аумағында Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалу кезінде ұсталды.
"Сот талқылауында айыпталушы Telegram топтық чатында діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды. Мемлекеттік айыптаушы сотқа бұлтартпас дәлелдемелерді ұсына отырып, кінәлінің телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, терроризімді насихаттау және террористтік топтың әрекетіне қатысуға дайындалу ниетін дәлелдеді", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен кінәлі адамға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Астана қаласының прокуратурасы террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысудың салдары мүлкі тәркіленіп, 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын, терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру - мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын ескертеді.