Аталмыш бастама алдымен Астана мен Алматыда, одан кейін еліміздің басқа да аймақтарында ұйымдастырылады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
«Отандастар» қоры қандастарды тікелей сауалдары бойынша қабылдайтын байланыс орталығын ашпақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Қор Президенті Нұртай Әбіқаев қазақтың ақыны, ана тілі патриоты, «Нұр Отан» партиясы қабылдау бөлімінің хатшысы Ауыт Мұқибекті қабылдау барысында хабарлап:
«Даярланған жұмыс жоспары аясында «Отандастар» Қоры жанынан арнайы байланыс орталығын ашпақпыз. Онда қандастарымыздың өздерін мазалайтын барлық сұраққа жауап алуына мүмкіндігі болады. Жобалық басқару тәсілі арқылы бұл орталықта елге оралған және оралуға ниетті отандастарымызға қажетті барлық ақпар жинақталатын болады. Аталмыш бастама алдымен Астана мен Алматыда, одан кейін еліміздің басқа да аймақтарында ұйымдастырылады. Жобаны жүзеге асыру барысында орталық мемлекеттік органдары, профильдік компаниялар және ұйымдармен бірігіп жұмыс істейміз деген ойдамын», - деді.
Қытай жерінде дүниеге келген қазақ ақыны Ауыт Мұқитбек тарихи отанына 1998 жылы бір жолата қоныс аударған. Содан бері шет елдерде тұратын қандастарымыздың қазақ топырағына оралуына, осы орайда туындаған қиындықтардың оңтайлы шешілуіне атсалысып жүр. Қазақ көшінің жанашыры ретінде «Тұңғыш Президенттің көші-қон қорын» құру мәселесін 2011 жылдан бастап көтеріп келеді.
Қордың маңыздылығы туралы айта отырып, өз сөзінде: «Отандастар» сияқты Қордың құрылу мәселесін біраз жылдан бері көтеріп келдім. Себебі отандастарға көмек көрсететін мұндай қорлар Израиль, Германия сияқты әлемнің бірқатар алпауыт мемлекеттерінде бар екен. Елбасының тапсырмасымен, ол арман да, міне, орындалды. Келем деген қазаққа, Отанда қоныстанып қалам деген қазаққа қазір бізде қиындық жоқ. Енді олардың мәселелерімен кешенді түрде айналысатын Қордың пайда болғанына өз басым қуаныштымын», - деді Ауыт Мұқибек.
Кездесу соңында Нұртай Әбіқаев қоғам белсендісін диаспоралық саясат мәселелерін шешуде ғылыми негізделген ұсыныстар шығаратын «Отандастар» Қорының ғылыми сарапшылар кеңесінің мүшелігін ұсынып, қандастарға қолдау көрсетуде күш біріктіруге шақырды.
дереккөз: «Отандастар» Қоры баспасөз хатшысы