Қазақстан Люксембург сотында Стати ісіне қатысты шешімнің күшін жоюға қол жеткізді

0
2 363


Қазақстан Люксембург сотында Стати ісіне қатысты шешімнің күшін жоюға қол жеткізді

Қазақстан Люксембургтің кассациялық сотында Стати ісі бойынша төрелік шешімді тану туралы шешімнің күшін жоюға қол жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап.

Люксембургтің кассациялық соты Қазақстанға қарсы 500 миллион АҚШ доллары көлемінде шығарылған төрелік шешімді тану туралы шешімнің күшін жойып, істі апелляциялық сотқа жаңа құраммен қарастыру үшін кері қайтарды.

2017 жылғы тамызда Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom Group S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) біртараптық негізде сот бұйрығын алды, оған сәйкес 2013 жылғы Қазақстанға қарсы Энергетикалық Хартия шарты бойынша шығарылған төрелік шешім Люксембург Ұлы герцогтігінде орындалуға жатады деп жарияланды. Бұл соттың бұйрығы Люксембург Апелляциялық сотының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен расталды.

2020 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы кассациялық шағым берді, атап айтқанда, Люксембургтің апелляциялық соты Статидің алаяқтығының аса маңызды дәлелдерін, яғни Статидің бұрынғы аудиторлары KPMG-дің Статидің үш компаниясының қатарынан үш жыл кезеңдегі қаржылық есептілігі бойынша шығарылған аудиторлық қорытындыларды жарамсыз деп тану туралы хаттарын дұрыс қарамады деп мәлімдеді. 2019 жылғы 21 тамыздағы осы хаттарда KPMG Қазақстан ұсынған Статидің алаяқтығына қатысты дәлелдемелері оның аудиторлары шығарған «аудиторлық қорытындылар мен қаржылық есептіліктің дәлдігі үшін маңызды» болып табылатынын атап өтті («KPMG хаттары»).

2021 жылғы 11 ақпанда Люксембург кассациялық соты Қазақстан Республикасының кассациялық шағымын қанағаттандырып, Люксембург Апелляциялық сотының 2019 жылғы 19 желтоқсандағы шешімінің күшін толығымен жойды. Кассациялық сот апелляциялық сот заттай дәлелдемелерге, атап айтқанда жоғарыда аталған KPMG хаттарына және іс жүргізу сатысының жабылуына сүйене отырып, бірақ жазбалармен алмасу арқылы сол маңызды дәлелдемелер бойынша тараптар арасындағы пікірталасқа жол бермей, тиісті іс жүргізу процедурасын бұзды деген қорытындыға келді. Осы негізде кассациялық сот апелляциялық соттың шешімі тиісті құқықтық процедураны бұзады, сондықтан жарамсыз деп танылуы керек деп шешті. Енді бұл істі Люксембург Апелляциялық сотының басқа палатасы қайта қарайды. Кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерін әдетте жоққа шығармайтынын атап өту керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Люксембургтің округтік соты 2021 жылғы 8 қаңтардағы тағы бір маңызды шешімімен Қазақстан Республикасы Люксембургтің құқық қорғау органдарына Статиге қарсы берген қылмыстық арыздың ауырлығын мойындады және қылмыстық процесс аяқталғанға дейін Статидің төрелік шешімге қатысты құқықтарын тоқтатты. Қазақстан ұсынған Стати алаяқтығының дәлелдемелерін және түрлі эксперттердің қорытындыларын қарап, округтік сот Қазақстанның алаяқтыққа қарсы ісі мен Статидің Қазақстанға қарсы төрелік шешім бойынша азаматтық талаптары арасында жеткілікті байланыс бар деген қорытындыға келді. Енді, кассациялық соттың осы іс бойынша жақында қабылдаған шешімінен кейін, Статидің төрелік шешімге Люксембургте мүлдем құқықтық негіздері жоқ.

Қазақстанның позициясы бойынша KPMG хаттарының Люксембургте тараптар арасындағы адал пікірталастың тақырыбы болмауының себебі, Статидің мұндай дәлелдемелерді жасыруы болып табылады. Шын мәнінде, бұл аса маңызды дәлелдемелердің жасырылғаны ғана емес, сондай-ақ KPMG мен Стати арасындағы 2016 жылғы хат-хабарлардың табылғаны айқын болды. Бұл хат-хабарларда аудиторлар Статидің Қазақстанға инвестицияларына қатысты бухгалтерлік кітаптарындағы қаржылық ақпараттың дәлдігі мен заңдылығына анық күмән келтірді. Енді мұның бәрі Люксембург апелляциялық сотына ұсынылады.

Сонымен қатар, Қазақстанның ұстанымы мен Статидің төрелік және сот талқылауларында тараптар ретіндегі заңсыз әрекеттері жақында халықаралық арбитраж саласындағы екі жетекші әлемдік сарапшының – профессор Джордж Берманн мен профессор Кэтрин Роджерстің тәуелсіз заңды қорытындыларымен расталды. Қазақстан бұл қорытындыларға да Люксембург сот жүйесінің назарын аударуды жоспарлап отыр.

Профессор Джордж Берманн барлық фактілерді талдап, Стати ісінде тараптардың мінез-құлқының құқықтық салдарын анықтау арқылы тәуелсіз қорытынды жасады. Профессор Берманн бірқатар тұжырымдарға келді, атап айтқанда, Стати өздерінің алаяқтық механизмін «алдамшы корпоративті құрылым» және «жалған компаниялар» арқылы басқарғанын анықтады, олардың көмегімен Стати «басқалардың есебінен өздерін байыта алды». Сонымен бірге, сарапшы «Статидің заңсыз әрекеті арбитраждың заңдылығына және одан туындайтын шешімге толығымен қауіп төндірді, соның ішінде жауапкершілікке және залалға қатысты» деп, қаралып отырған төрелік шешімді «Нью-Йорк конвенциясына сәйкес мойындауға немесе орындауға лайық емес өрескел алдау өнімі» деп анықтады. Профессор Берманнның пікірінше «Статидің алаяқтығы қазақстандық операциялармен де, төрелік талқылаумен де, соттан кейінгі талқылаулармен де аяқталған жоқ. Ол бүгін де әртүрлі соттарда қаралып жатқан сот істерінде үнемі бұрмалану арқылы жалғасуда.»

Профессор Кэтрин Роджерс жедел фактілерді қарастырып, негізінен 2019 жылдың тамызындағы KPMG-дің Стати негізделген барлық қаржылық есептілікке қатысты аудиторлық есептерін кері қайтарып алуға бағытталған қадамдарға назар аударды. Профессор Роджерс «Статидің қаржылық құжаттары мүлдем сенімсіз және маңызды бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер арқылы алынғандығы туралы Статидің тәуелсіз кәсіби аудиторларының шешімі трибуналдың шешім қабылдауына әсер еткен болар еді» деп тапты. Сонымен қатар, сарапшы «Статидің алаяқтықпен және сыбайлас жемқорлықпен айналысқандығы туралы бұл жаңа дәлелдер инвестициялық арбитражға талап қоюын мүлдем болдырмай, тәуелсіз алаңдаушылық тудыруы мүмкін еді» деген пікірде.


«Біз Люксембург кассациялық сотының шешімін құптап, Люксембург апелляциялық сотында Статидің алаяқтығына қатысты ісімізді қорғаймыз. Біз табысқа жету мүмкіндігіне оптимистік көзқарастамыз, өйткені Статидің алаяқтық схемаларын жетекші заңды және қаржылық тәуелсіз сарапшылар растап үлгерді, ал біз Стати тарапынан бұған ешқандай қарсы дәлелдер көрген жоқпыз», - дейді Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаев.