Қазақстан сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады - Тоқаев

0
2 332

Жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады.


Қазақстан сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады - Тоқаев

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев "Абу Даби тұрақты даму апталығы" саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі, деп жазады sputnik.kz.

"Қазақстанда жаңартылатын және баламалы энергия көздері дамып келеді. Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді", - деді Тоқаев.
Ол осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп жатқанын атап өтті.

Жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады.
"Бұл орайда "жасыл сутегі" – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады", - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі – атом энергиясын пайдалану.
"Қазақстан Еуроодақтың жасыл технологиялар санатына енгізген атом энергиясы саласында артықшылыққа ие. Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол", - деді президент.
Тоқаев климаттың өзгеруін тежеу стратегиясына да тоқталды. Қазақстан Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ 26-шы конференциясында қабылданған Орман мен жерді пайдалану декларациясына қосылған болатын.
"Осыған орай елімізде 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Былтыр 282 миллион түп ағаш отырғызылды. Биыл тағы 410 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр", - деді Тоқаев.
Президент дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күрес мәселесіне де тоқталды. Ол дамушы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымымен де ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
"Қазақстан астық өндірісі бойынша әлемде жетінші орын алатын ел ретінде дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде бидай ұнын жеткізу үшін Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз", - деп түйіндеді өз сөзін президент.