Қазақстан жоғары білім саласында Орталық Азиядағы көшбасшы атанды

0
97

QS Asia University Rankings 2026 өңірлік рейтингіне 44 қазақстандық университет енген.


Қазақстан жоғары білім саласында Орталық Азиядағы көшбасшы атанды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Қазақстандық университеттер халықаралық рейтингтердегі позициясын нығайтып келеді, ал Алматы мен Астана әлемдегі студенттік қалалар қатарында көріне бастады. Британиялық QS рейтингтік агенттігі журналында жарияланған материал авторлары осындай қорытындыға келді, деп хжазады tengrinews.kz.

"Kazakhstan’s Higher Education: Building Central Asia’s Leading Academic Ecosystem" деп аталатын мақалада QS сарапшылары қазақстандық жоғары оқу орындарының бірнеше халықаралық рейтингтегі нәтижелеріне талдау жасады.

Әлемдік рейтингтегі 18 жоғары оқу орны

QS World University Rankings 2027 рейтингіне Қазақстанның 18 университеті енді. Бұл 2022 жылғы рейтингпен салыстырғанда төрт оқу орнына көп.

QS мәліметінше, тізімдегі қазақстандық жоғары оқу орындарының саны Орталық Азияның қалған елдеріндегі университеттер жалпы санынан асып түскен. Сондай-ақ Қазақстан ұсынылған оқу орындарының саны бойынша Азия елдері арасында 11-орынға ие болды.

QS Asia University Rankings 2026 өңірлік рейтингіне 44 қазақстандық университет енген.

Бұдан бөлек, еліміздің 13 жоғары оқу орны QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингтерінде көрсетілген. Мақала авторлары олардың саны төрт жыл ішінде екі еседен аса өскенін атап өтті.

Қазақстандық ЖОО-лар тұрақты даму рейтингінде пайда болды

QS сарапшылары тағы бір елеулі өзгеріс ретінде университеттердің тұрақты даму саласындағы нәтижелерін атады.

QS Sustainability Rankings 2026 рейтингіне Қазақстанның 23 жоғары оқу орны кірді. Ал рейтинг алғаш рет іске қосылған 2023 жылы онда Қазақстанның бірде-бір оқу орны болмаған еді.

Бұл рейтингте, атап айтқанда, университеттердің экологиялық жауапкершілігі, олардың әлеуметтік ықпалы мен басқару сапасы ескеріледі.

Сондай-ақ MBA және магистратура бағдарламалары рейтингіндегі қазақстандық оқу орындарының саны 2022 жылғы бір университеттен үшке дейін артты. Тағы 27 университет QS Stars рейтингтік бағасын алды.

Шетелдік оқытушылар мен студенттер

Сонымен қатар QS шетелдік оқытушылар мен студенттерді тартуға қатысты көрсеткіштер өскенін атап өтті.

Қазақстанның алты университеті оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне енді.

Жарияланым авторлары бұл көрсеткіштерді Қазақстанның өңірлік білім беру орталығына айналу бағытымен байланыстырады.

Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, елдегі шетелдік студенттер санын 2025 жылғы шамамен 35 мыңнан 2029 жылға қарай 100 мыңға дейін ұлғайту жоспарланған.

Материалда Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатқаны да айтылды. Авторлардың пікірінше, бұл ел ішінде шетелдік диплом алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізуге және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Алматы мен Астана студенттік қалалар рейтингіне енді

QS Best Student Cities 2027 рейтингіне Қазақстанның бірден екі қаласы қосылды.

Алматы 13 сатыға көтеріліп, әлемде 78-орынға тұрақтады. Астана өз нәтижесін сегіз сатыға жақсартып, 119-орынға ие болды.

Бұл ретте елорда студенттерге оқу мен тұрудың қолжетімділігі бойынша әлемде тоғызыншы орынға шықты. Алматы да бұл көрсеткіш бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

QS мамандары білім беру құнының салыстырмалы түрде қолжетімділігі, ағылшын тіліндегі бағдарламалардың дамуы және халықаралық танымалдылықтың артуы Қазақстанды шетелдік студенттер үшін тартымды ете түседі деп санайды.

Тағы нені жақсарту қажет?

Мақала авторларының пікірінше, Қазақстан үшін келесі кезең халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеулерді кеңейту, көбірек елден студенттер тарту және цифрлық әрі инновациялық экономика үшін мамандар даярлау болуы тиіс.

QS немесе Quacquarelli Symonds - білім беру саласындағы зерттеулерге және университеттердің халықаралық рейтингтерін жасауға маманданған британиялық сараптамалық компания.