Қазақстанда 12 наурыздан бастап камералар қолында телефон ұстаған немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін болады

0
84

12 наурыздан бастап “Цифрлық кодекс” аясында қабылданған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.


Қазақстанда 12 наурыздан бастап камералар қолында телефон ұстаған немесе қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді тіркейтін болады

Фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Қазақстан Ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістердің мәнін түсіндірді, деп жазады stan.kz.

Министрлік мәліметінше, қазір ішкі істер органдары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Ведомство бұл шараның барлығы ескерту сипатында екенін, ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық орындар мен тұрғын аудандарда қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Ішкі істер министрілігің ақпаратына сәйкес, 12 наурыздан бастап “Цифрлық кодекс” аясында қабылданған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл өзгерістер технологиялардың дамуына және процестердің цифрландырылуына байланысты енгізілген.

Негізгі мақсат – заманауи техникалық шешімдер арқылы жол қауіпсіздігін күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыру.

Министрлік бұл жерде жаңа тыйымдар енгізіліп отырмағанын ерекше атап өтті. Тек бұрыннан бар құқықбұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтілген. Егер бұған дейін рөлде отырып телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау секілді заңбұзушылықтарды полиция қызметкерлері қолмен тіркесе, енді мұндай жағдайларды заманауи технологиялар арқылы анықтауға болады. Яғни заң талаптарының өзі өзгермейді, тек оларды тіркеу тәсілі жаңарады.

Бұған дейін автоматты режимде алты түрлі құқықбұзушылық тіркеліп келген. Атап айтқанда, жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, жол белгілері мен таңбалау талаптарын сақтамау, дұрыс емес тоқтау немесе тұраққа қою, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты әрекеттер камера арқылы анықталатын. Ал қалған құқықбұзушылықтар тек полиция қызметкерінің тікелей қатысуымен рәсімделетін.

Енді заңнамада құқықбұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі қарастырылған:

Біріншісі – классикалық камералар бұрынғыдай жұмысын жалғастырады.

Екіншісі – автоматты тіркеу камералары арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де құқықбұзушылықтарды, мысалы рөлде телефон қолдану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау жағдайларын анықтай алады.

Үшіншісі – ЕРАП жүйесімен біріктірілген мемлекеттік дерекқорлар мәліметтерін пайдалану.

Бұл техникалық байқау мерзімінің өтуі, міндетті сақтандыру полисінің болмауы, қару сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы секілді құжаттарға қатысты заңбұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар енді заң бойынша ескерту түріндегі жаза көзделген кейбір құқықбұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын мұндай жағдайда полиция қызметкерінің қатысуы және хаттаманы қолмен рәсімдеу қажет болса, енді бұл процесс автоматтандырылады. Мысалы бұл көлік кептелісін тудыру, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және жол қозғалысы ережелерінің өзге де кейбір бұзушылықтарына қатысты.

ІІМ өкілдері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған “автоматты тіркеу камералары жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады” деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін де нақтылады. Олардың айтуынша, бұл жүйелер тек көлік құралдары тарапынан жасалған жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтауға арналған.

“Жалпы, енгізілген өзгерістер қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жолдар мен қоғамдық ортада ауыр салдар қаупін азайтуға бағытталған. Цифрлық шешімдерді қолдану қауіпті әрекеттерді дер кезінде анықтап, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатердің алдын алуға мүмкіндік береді”, – деді Ішкі істер министрілігінің Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.