Өңірлерде апат көрсеткіші аз болса, сақтандыру құны да төмен болады.
ERNUR.KZ. 2024 жылдан бастап автокөлікті міндетті сақтандыру құны өзгереді, деп жазады sputnik.kz.
Енді сақтандыру құнына көлік құралы тіркелген өңірдегі апат көрсеткіші ықпал ететін болады.
Өңірде апаттар аз болған сайын сақтандыру компаниясы аздау төлем жасайды және тиісінше, сақтандыру тарифі де азырақ болуға тиіс, дейді ведомство.
Қазір сақтандыру төлемінің мөлшерін анықтау кезінде жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу тәжірибесі, автокөліктің типі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің апат жасау жағдайлары есепке алынады.
Биыл қазанда агенттік 2024 жылға арналған түзету коэффициенттерін бекітті, олар көлік тіркелетін әрбір өңірге қолданылатын болады. Алдын ала болжам бойынша Қазақстанның 11 өңірінде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді.
"Мысалы, Алматы қаласында 18%, Атырау облысында 29%-ке төмендейді. Ал 7 өңірде сақтандыру құны артады Мысалы, Астана аласында 5%, Шымкентте 9%-ке қымбаттайды. Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгеріссіз қалады деп күтілуде", - дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10%-ға арттыруға немесе азайтуға құқылы.
Мұндай тәсіл автокөлікті сақтандырудың әділ құнын қамтамасыз етуге бағытталған және автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақыларын уақытылы жаңартып отыруға мүмкіндік береді.