Қазақстанда 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау енгізіледі

0
220

Бүгінгі таңда республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар.


Қазақстанда 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсетуді лицензиялау енгізіледі

Фото: freepik

ERNUR.KZ. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау енгізіледі. Бұл оларды көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды және осы саладағы бұзушылықтар санын азайтуға оң ықпал етеді. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті жүргізген лицензия алдындағы талдау нәтижелері бойынша АӘҚ көрсететін 1007 ұйымның 72,3%-ы талаптарға сәйкес келетіні анықталды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі болып табылады және ол:

  • көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға;
  • көрсетілетін қызметті алушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға кепілдік беруге;
  • АӘҚ ұсынатын ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған.
"Осы қызметтерді көрсететін ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, АӘҚ-ның тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттігі көптен бері туындап келеді. Бұл орайда өткен жылы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының бірінде мүгедектігі бар балалардың тағамнан уланып, тіпті адам шығыны орын алған қайғылы оқиғаны еске түсірсек жеткілікті. Жүргізілген кешенді тексеру нәтижелері бойынша осы ұйымда мүгедектігі бар балалардың құқықтары өрескел бұзылғаны анықталды: тұрмыстық қызметтер толық көлемде көрсетілмеген; төсек-орын, киім және аяқ киім берудің минималды нормалары сақталмаған; скринингтік тексерулер жүргізілмеген; тамақтану нормалары бұзылған. 2024 жылдың 11 айында жүргізілген 167 тексеру нәтижесінде 148 субъектіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, жалпы сомасы 1,75 млн теңгеге 15 айыппұл салынды", – деді Комитет төрағасы Төлеген Оспанқұлов.

Ол АӘҚ сапасы екі негізгі факторға тікелей байланысты екенін атап өтті: қызметкерлердің кәсіби біліктілік деңгейі және қызмет көрсететін ұйымдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі.

Бүгінгі таңда республика бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласында қызмет ететін 12,7 мың әлеуметтік қызметкер бар. Олардың тек 12%-ның бейіндік білімі бар, қалған 88%-ында медициналық, педагогикалық, экономикалық және т. б. білім бар.

Кадрлардың сапасын арттыру үшін биыл әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын талаптарды белгілейтін кәсіптік стандарт әзірленді. Биыл 8,3 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер бейіндік оқытудан өтіп, сертификаттар алды. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі енгізіледі, онда олардың кәсіби құзыретіне қатысты барлық деректер көрсетіледі.