Қазақстанда 967 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр

0
98

Сарапшылар тұрғын үй бағасы тағы да 10 - 12%-ға қымбаттауы мүмкін деп болжайды.


Қазақстанда 967 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр

Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда тұрғын үйге кезек күткендердің саны 967 мыңға жетті. Биылдан бастап баспана үлестіру ісін "Отбасы банк" жүргізіп отыр. Басымдық көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдерге және әлеуметтік әлсіз топтарға беріледі. Жыл соңына дейін шамамен 7 мың пәтер берілмек, деп жазады stan.kz.

Сарапшылар тұрғын үй бағасы тағы да 10 - 12%-ға қымбаттауы мүмкін деп болжайды.

Биылдан бастап пәтерге кезекке қою және бөлу жұмыстарын "Отбасы банк" жүргізіп келеді. Елде бес айдан бері тұрғын үйді бөлу ісімен "Отбасы банк" айналысады. Кезекке тұру үшін соңғы бес жылда өз баспанасы болмауға тиіс.

Ал мегаполистерде тіркелу мерзімі кемінде үш жыл болуы қажет. Қазіргі таңда кезекте тұрғандардың жалпы саны – 967 мың адам. Оның ішінде 647 мыңы бұрын жергілікті атқарушы органдар арқылы тіркелсе, 24 мамырдан бері 320 мың азамат "Отбасы банк" арқылы кезекке қойылған.

Бұрын кезек санаттар мен реттік нөмірлерге қарай қалыптасатын. Енді басты талап кезекке тұрған күн. Кім бұрын тіркелсе, сол бірінші болып баспана алады. Дегенмен, басымдық берілетін санаттар бар. Олар – көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар, ардагерлер мен жесірлер.

"Отбасы банк" АҚ Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы директорының орынбасары Әсел Серікбаеваның айтуынша, бұл азаматтарға барлық пәтердің 70%-ы бөлінеді. Қалған бөлігі басқа кезектегілер арасында үлестіріледі.

"Мысалы, әкімдік мың пәтерлік үй салып, оны бізге бөлуге береді. Соның 70%-ын, яғни 700 пәтерді біз осы 8 санатқа бөлуіміз қажет. Оның ішінде 20%-ы жетім балаларға тиесілі. Яғни 1000 пәтердің 200-і жетімдерге, ал 500 пәтер қалған 7 санатқа беріледі", – деп түсіндірді Әсел Серікбаева.

Қалған 30% тұрғын үй мемлекеттік қызметкерлерге, зейнеткерлерге, толық емес отбасыларға және бюджет саласы қызметкерлеріне тиесілі. Пәтерлерді бөлу 20 қазанда басталады, бірақ нақты мерзімдері әкімдіктердің дайындығына байланысты.

"Отбасы банк" АҚ Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы директорының орынбасары Әсел Серікбаева жоспар бойынша жыл соңына дейін шамамен 7 мың пәтер берілетінін айтады.

"Біз уәкілетті органдармен, Индустрия және құрылыс министрлігімен бірлесіп, алдымен бір өңірді алып, сынақтан өткізіп көрейік деп шештік. Ол Ақмола облысы, Көкшетау қаласы. Сол жерде кредиттік тұрғын үйді үлестірдік. Осылайша, алдымен түгендеу процесін жүргізу қажет екенін түсіндік. Сондықтан басқа өңірлерде тұрғын үйді бөлу жұмыстары кезекте тұрғандардың деректерін нақтылап болғаннан кейін басталады", – деді Әсел Серікбаева.

Кезекте тұрғандарға өзге де қолдау шаралары қолжетімді. Олар жалдау ақысына берілетін субсидиялар, әкімдіктер тарапынан ұсынылатын жалдамалы тұрғын үйлер және жеңілдетілген ипотекалар. Шарттар отбасының санатына және табысына байланысты өзгереді.

• Басым санаттағы азаматтарға "2-10-20" бағдарламасы: 2% мөлшерлеме, 10% бастапқы жарна, 20 жылға дейінгі мерзім.

• Барлық кезекте тұрғандарға "5-10-20" бағдарламасы: 5% мөлшерлеме, 10% бастапқы жарна, 20 жылға дейін.

• Ел азаматтарының бәріне "7-20-25" бағдарламасы: жылдық 7% мөлшерлеме, 10%-дан бастапқы жарна, 25 жылға дейінгі мерзім.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда ипотекалық бағдарламалар әлі де қолжетімді, сондықтан тұрғын үйге сұраныс төмендемей отыр. Биылғы 8 айда баға өскеніне қарамастан, 280 мыңға жуық сатып алу-сату келісімі жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Жыл соңына дейін бір шаршы метрдің бағасы тағы 10-12%-ға қымбаттауы мүмкін деген болжам бар.

Нарыққа әсер етіп отырған негізгі факторлар – импорттық құрылыс материалдарына тәуелділік, үлестік құрылысқа қатысты жаңа талаптар және Салық кодексіндегі алдағы өзгерістер.

Астанадағы құрылысшылар одағының директоры Вячеслав Лазаревтың пікірінше, 1 қыркүйектен бастап үлескерлердің қаражатын заңсыз тартатын құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейді.

"Жалпы, бұл жағдай нарықты сауықтыруға бағытталған. Сөйтіп азаматтар өздерін қауіпсіз сезіне алады, өйткені заңсыз жобалар азайған сайын, алданып қалатын үлескерлер де азаяды. Бірақ сонымен қатар арзан баға ұсынған, демпинг жасаған компаниялар да нарықтан кетеді. Сондықтан шаршы метр бағасы өседі, өйткені "ақ алаңда" жұмыс істейтін орта және ірі компаниялар ғана қалады, ал ол қымбат", – деді Вячеслав Лазарев.