Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне алғаш рет "аға лейтенант" шені табысталды

0
109


Қазақстанда әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне алғаш рет

Фото: Ақорда баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Қазақстанда әскери оқу орындарының үздік түлектері алғаш рет оқуын аяқтай салысымен “аға лейтенант” шенін алды. Тоқаев оларға Отанға адал қызмет етіп, жас буынға үлгі болуы керегін айтты, деп жазады Stan.kz.

Тоқаев нағыз сарбаздың абырой-беделі, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенетінін айтты.

“Былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай “лейтенант” емес, “аға лейтенант” шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден “аға лейтенант” шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік”, – деді президент.

Мемлекет басшысы жастар сарбаздарға қарап бой түзейтінін айтты.

“Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің “атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын” деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді. Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін”, – деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент жас офицерлердің ата-анасына да алғыс айтты.

Оған қоса іс-шара аясында:

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты;

Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы;

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы, Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы;

Ұлттық ұлан академиясы;

М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үздік түлектеріне “аға лейтенант” шені тапсырылды.