Дәмхана мен мейрамхана иелері қызметкерлердің жалақысын көтеру керек екенін айтады.
ERNUR.KZ. Елімізде мейрамхана мен дәмхана иелері азық-түліктің қымбаттауына байланысты бағаны тағы өсірмекші. Ал Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек елде қоғамдық тамақтану орындарындағы баға бір жылда 25%-ға көтеріліпті, деп жазады stan.kz.
Дәмхана мен мейрамхана иелері қызметкерлердің жалақысын көтеру керек екенін айтады. Бұл да қызмет көрсету құнының өсуіне әсер еткен.
"Негізгі шығындар азық-түлік сатып алу, қызметкерлердің жалақысы мен ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызмет төлемдері. Әрине, қазір азық-түлік кем дегенде 30-50%-ға қымбаттаған. Оның үстіне мәзірдегі әр тағамға ет қосылады", – деді Қоғамдық тамақтану ассоциациясының құрылтайшысы Сұлушаш Тұяқова.
Оның пайымдауынша, инфляция деңгейін есепке ала отырып қоғамдық тамақтану орындарында баға тағы 10%-ға өседі.
Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте халықтың ай сайын жұмсайтын қаржысының жартысынан көбі азық-түлікке кететінін айтқан еді.