Иесі табылмаған иттерге де эвтаназия жасалмақ.
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Қазақстанда бұралқы иттер мәселесін шешу үшін белгілі бір мерзімнен кейін эвтаназия арқылы санын азайту ұсынылды. Мұндай норма Мәжілісте қаралып жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі осы заң жобасына бастамашы болғандардың бірі Еділ Жаңбыршин қаңғыбас иттерге 15 күннен кейін, ал қараусыз қалған иттерге 60 күннен кейін эвтаназия жасау ұсынылып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттар өкілетті органдармен бірлесіп, халықаралық тәжірибені зерттеген.
«Мәселен, Норвегияда 2004 жылы ит асырау туралы заң қабылдаған. Бұл елде полиция бір аптадан кейін ауланған итті біреуге сата алады немесе басқа жерге орналастырады, не ұйықтатып тастайды. Исландияда 2015 жылы қабылданған жануарларды қорғау туралы заңға сәйкес, бір апта ішінде үй жануарының иесі табылмаса, ол жартылай жабайы деп танылып, утилизацияланады. Ұлыбританияда ит ауланғаннан кейін жеті күннен соң иесі табылмаса, кері алмаса және ақшасын төлемесе, оны сатып, не жансыздандыра алады. Бұлар жеті күндік мерзімді қолданатын елдер. Ал Латвия мен Эстонияда қаңғыған ит-мысыққа эвтаназия 15 күннен кейін жасалады. Біз осы тәжірибелерді зерттеп, 15 күн деп алдық», - деп түсіндірді Жаңбыршин Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.
Депутаттың айтуынша, он бес күн ішінде зооқорғаушылар немесе басқа да адамдар қаңғыбас итті асырап ала алады. Оған ешкім тыйым салмайды.
«Егер ауланған итті ешкім алып кетпесе, ол жануар ауырса, не агрессивті болса, оған 15 күннен кейін эвтаназия қолданылады. Бұл біз ұсынған норма», - деді Жаңбыршин.
Ал қараусыз қалған иттерге алпыс күннен кейін эвтаназия жасалады.
«Азаматтық кодекс бойынша ит мүлік деп саналады. Сондықтан алпыс күн өткеннен кейін егер иесі табылмаса, меншік құқығы мемлекетке өтеді. Сол себепті осындай мерзім белгілеп отырмыз», - деді ол.
Айта кетері, Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Мәжіліс депутаттары – Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, Нартай Сәрсенғалиев осы заң жобасына бастамашы болған.