Сталкинг (қудалау) құрамында жаңа қылмыстық құқықбұзушылықты енгізу – өзекті мәселе, себебі қазіргі уақытта қудалау түрлерінен қорғанудың тиімді тетіктері жоқ.
ERNUR.KZ. Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процестегі жарыспалылықты нығайтуға, сондай-ақ қылмыстық процесті оңтайландыру мен бюрократияны азайтуға бағытталған заң әзірленді. Құжаттағы негізгі өзгерістер туралы ҚР Әділет министрлігі Қоғамдық тәртіп саласындағы заңнама департаментінің директоры Думан Сүлейменов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында түсініктеме берді.
Думан Сүлейменов атап өткендей, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік елдегі ормандарды заңсыз кесу, жануарларға қатыгездік таныту немесе мал ұрлау сияқты резонанстық оқиғаларға байланысты өзгереді.
«Заңға сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сталкинг – адамның заңсыз қудалануын білдіреді, ол қоғамға елеулі қауіп төндіреді. Бұл әрекет жәбірленушіге психологиялық жарақат келтіруге бағытталған. Көбінесе қудалау кезінде қорқыту, ар-намысты үлгілеу, тұқырту, қорлау сияқты әрекеттер жасалады, бұл қазіргі Қылмыстық кодексте бөлек баппен жауапқа тартуды талап етеді. Осы ретте мәжбүрлеп заңсыз қудалау үшін жауапкершілікті көздейтін жеке норма көзделмеген», – деді Думан Сүлейменов.
Сталкинг (қудалау) құрамында жаңа қылмыстық құқықбұзушылықты енгізу – өзекті мәселе, себебі қазіргі уақытта қудалау түрлерінен қорғанудың тиімді тетіктері жоқ. Мұндай әрекеттер уақыт өте келе аса ауыр қылмыстарға – физикалық зорлық-зомбылыққа, зорлауға, денсаулыққа зиян келтіруге немесе мүлікті бүлдіруге әкеп соғуы мүмкін. Қудалау үшін, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық саладағы жағдайларда да қылмыстық жауапкершілік енгізу – сталкер физикалық зорлық-зомбылыққа немесе тікелей қауіп төндіруге дейін жетпей тұрып, әлеуетті құрбандарды қорғауға мүмкіндік береді. Бұл адам бостандығы мен қауіпсіздігіне жүйелі түрде нұқсан келтіретін бастапқы, аса қауіпті емес әрекеттерге ертерек әрекет етуге жол ашады.
Спикер некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу ұсынылып отырғанын айтты. 2019-2023 жылдары әйелдерді ұрлау фактілері бойынша 214 қылмыстық іс қозғалды. Оның 94%-ы тоқтатылды, тек 10 іс қана сотқа жетті. Істерді тоқтату себептерінің бірі ҚР ҚК-нің 125-бабындағы ескерту болып табылады, оған сәйкес тұлға ұрланушыны еркін қалдырса, жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.
«Бұл – некеге мәжбүрлеу мақсатында адам ұрлағандардың жәбірленушіні белгісіз уақытқа дейін еркінен тыс ұстап, оның қозғалу еркіндігін шектеп, туыстарымен байланысын үзіп, үгіттеуге тырысып, жиі қорқытып, психологиялық және моральдық қысым көрсетуіне жол ашады. Егер олар жәбірленушіні көндіре алмаса, жай ғана босатып жібереді. Ал құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша істі "ескертпеге" (алып тасталған) сүйене отырып тоқтатады», – деп атап өтті Думан Сүлейменов.
Заң шеңберінде үшінші тұлғаларға төлем құралдарын, банк карталарын заңсыз беру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сондай-ақ түтінсіз темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді), дәмдеуіштер мен сұйықтықтарды заңсыз айналымының түрлері кеңейтіледі. Заң жобасында коллекторлық агенттік қызметшілерінің артықшылықтарын теріс пайдалану үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылады. Әуе кемесін басқаруға кедергі жасау үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді.