Бұйрық 2026 жылғы 21 ақпаннан бастап күшіне енеді және 12 ай бойы қолданылады.
Фото: primeminister.kz
"Мемлекеттік қолдаудың монетарлық емес шаралары режимінде "Әлеуметтік әмиян" арқылы "Жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына тегін және жеңілдетілген тамақ беру" мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылсын", – делінген құжатта.
Сонымен қатар пилоттық жобаны іске асыру алгоритмі бекітілді.
Тегін және жеңілдетілген тамақ беру туралы хабарлама жіберу, цифрлық ваучерлерді қалыптастыру және белсендіру, сондай-ақ көрсетілген қызмет үшін төлем жасау "Әлеуметтік әмиян" арқылы жүзеге асырылады.
Тегін тамақ алатын оқушыларды есепке алу және тіркеу аппараттық-бағдарламалық кешен және бизнес-әмиян арқылы жүргізіледі. Аталған ақпараттық жүйелердің барлығы біріктірілген режимде жұмыс істейді.
Ай сайын білім беру ұйымындағы "Әлеуметтік педагог" рөлі бар қызметкер Ұлттық білім беру дерекқорында қызмет алуға құқылы оқушылардың тізімін қалыптастырады.
Қалыптастырылған тізім білім беру ұйымы басшысының шешімімен бекітіліп, деректерді салыстыру және сәйкестендіру үшін SDU жүйесіне жіберіледі. Тексеру нәтижесінде тізім ПЭП жүйесіне жолданады.
Бастауыш сынып оқушыларының тізімі ПЭП-тен "Әлеуметтік әмиянға" SMS-хабарлама жіберілмей жолданады.
Қызмет алушы SMS-хабарламада көрсетілген сілтеме арқылы немесе App Store не Play Market дүкенінен eGov Mobile қосымшасын жүктеп алып, авторизациядан өтеді және "Әлеуметтік әмиян" белгішесін таңдайды.
SDU тексерісінен өтпеген оқушылар тізімі Ұлттық білім беру дерекқорына кері қайтарылады.
Динамикалық QR-кодты пайдалану үшін қызмет алушы оны "Әлеуметтік әмиянда" қалыптастырып, оқушыға электронды түрде береді. Ұсынылған QR-код бизнес-әмиян арқылы сканерленеді.
Егер бизнес-әмиянда интернет байланысы болмаса, деректер сақталып, кейін "Әлеуметтік әмиянға" тегін және жеңілдетілген тамақ берілгені туралы ақпарат жіберіледі.
Пилоттық жоба барысында қызмет алушы көрсетілген қызметтің сапасын "e-Otinish" ақпараттық жүйесі арқылы бағалай алады.
"Әлеуметтік әмияннан" Ұлттық білім беру дерекқорына күн сайын цифрлық ваучерлердің белсендірілгені және қызметтің көрсетілгені туралы есеп беріледі.
Есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-іне дейін "Әлеуметтік педагог", "Әлеуметтік әмияннан" тегін және жеңілдетілген тамақ алған оқушылар туралы деректер көрсетілген табельді жүктейді. Төлем тапсырыс беруші тарапынан дәл осы табельдегі деректер негізінде, яғни нақты тамақ алған оқушылар саны бойынша жүргізіледі.
Бұйрық 2026 жылғы 21 ақпаннан бастап күшіне енеді және 12 ай бойы қолданылады.


