Мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін төлемдерден бөлек, инвестордың өзі әрбір студенттен тұру үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем ала алады.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігі жатақхана құрылысын ынталандыру шараларын жариялады, деп жазады Stan.kz.
Бүгінде барлық облыста жатақхана орындарының тапшылығы байқалады. Жалпы, 62 мың орын жетіспей тұр. Әсіресе, Алматы (22 мың) мен Нұр-Сұлтанда (17 мың орын) жатақханаға мұқтаж студенттер көп.
Оған қоса, өткен жылдан бері мектеп бітірушілер санының айтарлықтай өскені байқалады.
Мәселен, 2021 жылы 163 мыңнан астам түлек түлеп ұшса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 302 мыңға дейін жетуі мүмкін. Жатақханаға сұраныс та артады.
"Осы мәселені шешу үшін арнайы механизм әзірленді. Оған сәйкес, әрбір заңды тұлға (мемлекеттік мекемелерді қоспағанда) студенттерге арналған жатақхана салып, табыс таба алады. Мәселен, жобаға қатысуға ниет білдірген құрылыс компаниясы өз қаражатына жатақхана салып, пайдалануға берілгеннен кейін 8 жыл ішінде әр орынға мемлекеттен төлем алады", - дейді орталық мамандары.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін төлемдерден бөлек, инвестордың өзі әрбір студенттен тұру үшін орташа есеппен 15-20 мың теңге төлем ала алады. Сондай-ақ, жатақханада асхана, шаштараз және басқа да кәсіп ашып, қосымша табыс табуға мүмкіндік бар.
Жатақхана салатын инвесторға "Қарапайым заттар экономикасы" және "Бизнестің жол картасы 2020-2025" аясында 9%-ға дейінгі банктік несиені субсидиялау және дайын жобалық-сметалық құжаттаманы ұсыну қарастырылған.