Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылық кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықталуы мүмкін

0
541

Елімізде жеке қосалқы шаруашылық ұғымы беріліп, оның мәртебесін салық салу мәселелерін реттеу үшін кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықталады.


Қазақстанда жеке қосалқы шаруашылық кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжілісте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп жазады baq.kz.

Министр «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары нені көздейтінін айтып берді.

Заң жобасында біз жеке қосалқы шаруашылық ұғымын береміз, оның мәртебесін салық салу мәселелерін реттеу үшін кәсіпкерлік емес қызмет түрі ретінде анықтаймыз, бұл – өте маңызды. Одан бөлек, біз жергілікті атқарушы органдарға жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасау бөлігінде нақты қосымша өкілеттіктер береміз. Ең алдымен бұл жер заңнамасы аясында жайылымдық және шабындық жерлермен қамтамасыз ету, материалдық ресурстармен жабдықтауды ұйымдастыру, өсірілген өнімді өткізу мәселелеріне қатысты. Оларға жергілікті бюджеттердің мүмкіндігіне қарай жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың проблемалық мәселелерін шешуге, олардың кооперативтері үшін қажетті өндірістік инфрақұрылым құруға құқық береміз, - деп айтты министр.

Сөзінше, заң аясында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту мәселелері бойынша олардың жауапкершілігі күшейтіледі. Сондай-ақ осы мәселе бойынша әкімдердің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру нормасы енгізіледі.

Оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің заңнамалық негізін қалаймыз. Бұл жұмыс жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтері арқылы жүргізіледі. Заң жобасында, сондай-ақ қолданыстағы редакцияға сәйкес келу мақсатында, кейбір нормативтік-құқықтық актілерге ілеспе өзгерістер енгізу көзделеді. Бұл Заң жобасы мүдделі тараптармен талқылаудың барлық кезеңінен өтті, - дейді АШМ басшысы Мәжілісте.

Заң жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында қоғамдық талқылау үшін орналастырылды. Бейнеконференция режимінде құжат барлық мүдделі тараптармен, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен талқыланды. Талқылау барысында 1 300-ден астам ұсыныс пен ескерту келіп түсті.

Заң жобасын қабылдау жеке қосалқы шаруашылықтарды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперация арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге және осы негізде жеке қосалқы шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған заңнамалық негіз құруға мүмкіндік береді, - деп айтты министр.

Қарашөкеевтің айтуынша, посткеңестік мемлекеттерден (РФ, Беларусь Республикасы, Өзбекстан Республикасы) тек Қазақстанда ғана жеке қосалқы шаруашылықтың қызметін реттейтін жеке заң жоқ.