Қазақстандағы шұғыл медицина орталығы ТМҰ елдерінің өзара іс-қимылының базалық алаңына айналады

0
176

Меморандумға қол қою барлық ТМҰ мемлекеттерінің аумағында шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді енгізу жолындағы маңызды қадам болады.


Қазақстандағы шұғыл медицина орталығы ТМҰ елдерінің өзара іс-қимылының базалық алаңына айналады

Астанада Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасында Шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда алғаш рет шұғыл медицина орталығы төтенше жағдайлар, пандемия, техногендік апаттар жағдайында өзара іс-қимыл жасау және уақытылы медициналық көмек көрсету үшін бірыңғай базалық алаңға айналады.

Меморандумға қол қою барлық ТМҰ мемлекеттерінің аумағында шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді енгізу жолындағы маңызды қадам болады. Болашақта төтенше жағдайлар кезінде өзара көмекті нығайту және түркі мемлекеттерінің денсаулық сақтау жүйелерін дамудың жаңа деңгейіне шығару жоспарлануда.

«Біздің санитариялық авиация жылына пациенттерді ел ішінде және шетелде тасымалдау бойынша 2 мыңнан астам ұшып шығады. Еліміздің 15 өңірінде тікұшақтар орналастырылды, жыл соңына дейін тағы екі жаңа медициналық авиация тікұшағы жеткізіледі. Бүгін Оңтүстік Кореяға ауыр жағдайдағы азаматымыз үшін алғашқы халықаралық ұшу жоспарланған, ол Алматыдағы республикалық клиникаға жеткізіледі. Біздің санавиациямыздың көптеген басқа елдерден айырмашылығы – мүлдем тегін және шалғай аудандардың тұрғындары үшін қолжетімді, мемлекет есебінен болады, әрбір ұшудың артында азаматтарымыздың өмірін сақтап қалу тұр», – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құжатқа қол қойғаннан кейін.

Ержан Әділбеков шұғыл медицина орталығының бұл алаңы Түркі достастығы елдерінің мамандарын бірлесіп оқытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Атап айтқанда, біз өзбек әріптестерімізбен симуляциялық орталықтың базасында мастер-кластар өткізуге келістік, онда жедел жәрдем дәрігерлерін әлемдік стандарттар бойынша медициналық көмек көрсету дағдыларына үйретеміз. Біздің орталықтың жанынан инсульт болған жағдайда науқастарға шұғыл көмек көрсету жөніндегі қызметті үйлестіретін республикалық инсульт орталығы жұмыс істейді. Акушерлік, токсикология және басқа да бағыттар бойынша шұғыл орталықтар ашу жоспарда бар», – деді ҰШМҮО басшысы.

Іс-шараға қатысушыларға жаңа жабдықтармен жабдықталған шұғыл медицина клиникасының бөлімшелері, бүкіл ел бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктері , санитариялық авиация мен автокөліктің жаңа борттары көрсетілді.

ҰШМҮО – медициналық авиация, жедел жәрдем қызметтері мен қабылдау бөлімшелерінің жұмысын үйлестіретін озық көпфункционалды орталық. Кешенде 250 орындық стационар бар, оған 9 клиникалық орталық кіреді.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қызметінің негізгі бағыттары – стационарлық көмек, медициналық авиация, клиникалық-диагностикалық және консультациялық-диагностикалық көмек.