Заң бойынша дауыс беру - бұл міндет емес, бұл - құқық.
ERNUR.KZ. «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауы жөнінде мәлімдеме жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Екі ай бойы сайлау процесіне жіті бақылау жүргіздік. Азаматтардың сайлау заңнамасына қатысты сұрақтарына жауап бердік. Кезектен тыс сайлау жарияланған сәттен бастап, кандидаттарды ұсыну және тіркеу, сайлау алдындағы науқанды жүргізу, тыныштық күні және сайлау кезеңдерінің барлығына құқық тұрғысынан баға беріп отырдық»,- деді заң ғылымдарының кандидаты, «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы Серік Ақылбай елордада өткен баспасөз брифингінде.
Заңгерлердің бағалауынша, Қазақстан Президентінің сайлауы конституциялық заңда белгіленген тәртіпке сай өтті.
«Қатысушыларға ашық бәсекеге түсуге барлық жағдай жасалды. Барлық кандидаттың бағдарламалық құжаттары жарияланды және қолжетімді болды. Сайлау жүйесі тиімді және ашық жұмыс істеді: сайлауға қатысу нәтижесі үнемі жаңартылып отырды, азаматтардың еркін шешім жасауына ешкім кедергі жасамады. Барлық өңірлерде дауыс беруге жағдай жасалды, сонымен бірге тұрғылықты жері бойынша мекенжай деректерін дер кезінде қолдануға мүмкіндік берілді. Қазақстандық сайлау бақылаушылар институтының белсенді атсалысқаны - қуанышты жайт. Бұл азаматтық жауапкершіліктің, сана-сезімнің және жаңа демократиялық дәстүрлердің қалыптасуын көрсетеді», - деді одақ төрағасы.
Сонымен бірге, ол қазақстандық және халықаралық бақылаушылардың сайлау заңнамасын бұзу фактілерін байқағанын атап өтті. Осы жағдайлардың барлығы мұқият тексеріліп, заң бұзушылардың жауапкершілігі туралы шешімдер заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қабылдануы тиіс.
«Сайлау - құқықтық ғана емес, сондай-ақ саяси процесс. Оған құқықтық институттармен қатар саяси институттар да кіреді: пікірталастар, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, олардың кандидаттарының жұмысы және т.б. Көптеген саяси процестер қоғамның құқықтық және саяси мәдениетіне тікелей байланысты. Сайлауға дайындық кезінде бірнеше рет қайталап өттік: бұл - әр адамның жеке құқығы және шешімі, яғни кімге дауыс беретінін, дауыс беру құқығын қалай жүзеге асыратынын әр адам өзі біледі. Көптеген адамдар осы құқықты қолданды. Дегенмен, заң бойынша дауыс беру - бұл міндет емес, бұл - құқық. Азаматтық сана-сезімізді білдіру арқылы ғана біз Конституциямен белгіленген халық билігі қағидатын жүзеге асырып, еліміздің болашағын қалыптастыруға қатыса аламыз», - деді Серік Ақылбай.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Оған Қазақстан халқының 77% астамы қатысты. Ел ішінде және шет елдерде 9 968 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Нәтижесінде сайлаушылардың 70,96% Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді.