5G алдымен үш мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке жетеді. Кейін 5 жылдың ішінде басқа облыс орталықтарына тартылады.
ERNUR.KZ. Қазақстанға 5G желісі 2 жылдан кейін келеді. Оның өзінде жаппай емес, бастапқыда белгілі бір аймақты ғана қамтиды. Технология қоғамға үлкен өзгеріс жасайды деп отыр мамандар. Бірақ, радио электрондық құралдарын орнатуға байланыс операторларының бірде-біреуінде әзірге рұқсат құжаттары жоқ, деп хабарлайды Qazaqstan ұлттық телеаранасы.
5-ші ұрпақ технологиясына баланған 5G Қазақстан бойынша әзірге 1 нүктеде ғана орналасқан. Ол стартап халықаралық технопарк аумағында тұр. Мамандар ең жүйрік интернетті енгізуге арналған жобаның алғашқысы сәтті өтті деп отыр.
Сәтті болғанымен, бірден енгізе салу мүмкін емес. Өйткені, сымсыз байланыс қызметінің құны өте қымбат. Осыған дейінгі 4 G технологиясына 600 млрд теңге жұмсалған. Ал соңғысына бұдан 4 есе көп қаржы қажет.
-Биыл 5G технологиясын енгізуді бастамадық. Келесі жылы мүмкін бұл мемлекетке байланысты жергілікті желілер пайда болатын шығар, - дейді «Қазақтелеком» АҚ инновациялық-технологиялық даму департаментінің директоры Олжас Аязбеков.
Желілер пайда болу үшін ұсыныстан бұрын сұраныс қажет. Ал елде қызығушылық әзірге жоқ. Өйткені, бұл әлем бойынша ұялы байланыстың жаңа үлгісі. Бірақ, ол бірінші кезекте телефоннан бұрын, ірі өнеркәсіп орындары үшін маңызды. Мәселен, мұнай, уран кен орындарын автоматтандыру, цифрландыруда таптырмас технология. Өйткені, желі іске қосылса, интернеттегі кез келген ауқымды жүктеме бірнеше секундта көшіріледі. Салаға серпіліс жасайтын жаңашылдыққа үрке қарап отырғандар да жоқ емес. Адам денсаулығына залалы көп дейді көпшілік.
-Бұл жай ғана дақпырт. Бұл халықаралық денсаулық сақтау стандартына сәйкес, адам денсаулығын сақтау стандартына сәйкес барлығы дұрыс жүктеліп, жұмыс жасаған, - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Нұржан Дүйсебай.
Сонымен, ең жылдам интернет Қазақстанға 2022 жылдың соңына қарай бірақ келуі мүмкін. Оның өзінде технологияны орнату кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен үш мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентке жетеді. Кейін 5 жылдың ішінде басқа облыс орталықтарына тартылады.