«Хуторлықтардың» бастығы делінген Қасымбаев екі айға қамауға алынды

0
220

Қасымбаев 2 қарашада ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.


«Хуторлықтардың» бастығы делінген Қасымбаев екі айға қамауға алынды

ERNUR.KZ. Алматы облысының полиция департаменті Хасан Қасымбаевқа қатысты бұлтартпау шарасы белгіленгенін хабарлады, деп жазады ulysmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу соты Қасымбаеввты екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарған. Қасымбаев 2 қарашада ұсталған. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында.

Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді және адам ұрлады деген айыпқа ілінген. Мұның бәрі 2021 жылдың маусымында болған оқиғалар.

– Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді, – деп нақтылады полиция.

Алматы облысы полиция департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда 2021 жылғы маусымда А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, сол кісіні ұрлады деген күдікпен бес азамат ұсталғанын хабарлаған. Ұсталғандардың бірі – Хасан Қасымбаев. Оларды Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот соттап, қазіргі уақытта қылмыскерлер жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.

Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.