Мейрамхана маңында көліктердің көптеп жиналуы қадағалаушы орган өкілдерінің назарын аударғандықтан арнайы рейд ұйымдастырылған.
ERNUR.KZ. Көкшетауда белгілі кәсіпкер, жанармай құю станциялары желісінің иесі, 60 жастағы Владимир Свидерский жерленді. Мониторингтік топ танымал кәсіпкердің қазасына орай ас берген мейрамханаға бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салуды бұзғаны үшін айыппұл салды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Қаладағы "Аристократ" мейрамханасында кәсіпкерге арналған ас берілген. Мейрамхана маңында көліктердің көптеп жиналуы қадағалаушы орган өкілдерінің назарын аударған. Санитарлық ережелердің бұзылғанын тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін қадағалау басқармасының мамандары арнайы рейд барысында анықтаған.
"Полиция бөлімінің қызметкерлері "Аристократ" мейрамханасында ас беру шарасы ұйымдастырғанын анықтады. Мұндай басқосу өткізу Ақмола облысының мемлекеттік бас санитар дәрігерінің 30 тамыздағы N109 бұйрығына қайшы келеді", – деді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Бұл жерде әңгіме ауаны бұқаралық іс-шараларға тыйым салу және әлеуметтік арақашықтықтың сақталуы туралы болып отыр.
"Сондықтан да анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылады", – деп толықтырды Мусина.
Кәсіпкер Нұр-Сұлтанға барар жолда көз жұмды
Айта кетейік, бұан дейін көкшетаулық белгілі кәсіпкер Владимир Свидерскийдің жол апанынан көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз. Жол апаты Нұр-Сұлтан – Петропавл тас жолының 285-ші шақырымында болды. 1960 жылы туған Владимир Свидерскийдің Range Rover көлігімен бес адам Көкшетау қаласынан елордаға жол тартқан.
716 порталының хабарлауынша, апат салдарынан Свидерский мен 55 жастағы жолаушы Олег Анисимов сол жерде қайтыс болған. Тағы бір жолаушы – 1963 жылы туған Валерий Бевзовой ауруханада жан тапсырды.
"Екі жолаушы түрлі жарақатпен Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада.