Көктемгі егіске 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жеңілдетілген несие алды

0
518

Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жалпы 700 млрд теңгеге дейін қаражат бағыттау көзделіп отыр.


Көктемгі егіске 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жеңілдетілген несие алды

Фото: пресс-служба акима Жетысуской области


ERNUR.KZ.
2025 жылғы көктемгі егіске 6 100-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісі жеңілдетілген несие алды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жеңілдетілген несиелеуге өтінімдер қабылдау 2024 жылғы 29 қарашадан басталды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне егіс науқанына дер кезінде дайындалып, тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, сондай-ақ қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік берді.

"Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жалпы 700 млрд теңгеге дейін қаражат бағыттау көзделіп отыр. Оның ішінде шамамен 560 млрд теңге нарықтық капитал көздерінен тартылуда", - деп жазылған хабарламада.

Бүгінгі күнге дейін 6 100 ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 382,5 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жалпы 480,5 млрд теңгеге 7 мыңға жуық өтінімнен тұратын пул қалыптасты.
Бағдарламаға қатысушылардың аясын кеңейту мақсатында несие рәсімдеп, оны өтеуге жүгінуге болатын қаржы институттарының қатары ұлғайтылды.
"Аграрлық несие корпорациясы" жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен "Кең дала 2" бағдарламасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда.
Қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру мақсатында несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру тетігі іске асырылуда. 2025 жылдың өзінде жалпы сомасы 159 млрд теңгені құрайтын несиелерге 135,2 млрд теңгеге 943 кепілдік берілді. Бұл кепілдіктерді "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры ұсынады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы жалғасуда. Биылғы жылға арналған жалпы қаржыландыру лимиті – 200 млрд теңге. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 6 000-нан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді.