Коронавируспен ауырған балалардың иммунитетін қалай көтеруге болады

0
2 381

Егер балаларда аурудан кейін асқынулар пайда болса, көбінесе вирустың өзінен емес, дәрі-дәрмекті қолдану әсерінен болады.


Коронавируспен ауырған балалардың иммунитетін қалай көтеруге болады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті COVID-19-дан кейінгі балалар иммунитетін нығайту жөнінде кеңестер берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әлем ғалымдары COVID-19-дың адам ағзасына әсері мен аурудан кейінгі салдары бойынша үздіксіз зерттеулер жүргізуде. Көптеген дәрігерлердің бақылауы бойынша, COVID-19 ересектерге қарағанда балаларда жеңіл өтеді. Балаларда қызу, мұрынның бітелуі, тамақтың ауруы және жөтел байқалады. ЖРВИ-мен ұқсастығына байланысты, балада COVID-19 бар-жоғын тест жасамай анықтау өте қиын. Көптеген жағдайларда балалар арасында COVID-19 жағдайлары эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеру кезінде, жоспарлы емдеуге жатқызу барысында анықталады», - деп жазды.

Ұйымның хабарлауынша, балаға ЖРВИ-мен ауырған кезіндегідей күтім жасау маңызды. Егер балада коронавирус инфекциясының жеңіл түрі болса, оны арнайы емдеу қажет емес. Қауіпсіздік режимін сақтап, жеңіл тамақтанып, жылы сусынды көп ішу қажет. Әдетте, құрамында С, В, D витаминдері бар жемістер мен көкөністерді тұтыну ұсынылады. Балаларда асқынулар, пневмония аз кездеседі, ауруханаға жатқызу жағдайы өте сирек туындайды.

Егер балаларда аурудан кейін асқынулар пайда болса, көбінесе вирустың өзінен емес, дәрі-дәрмекті қолдану әсерінен болады. Бұл вирус тамырларды зақымдайтындықтан, балаларда мазасыздық, депрессия, шаршау пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, инфекция салдары толығымен белгісіз: коронавирус жүйке, эндокриндік және репродуктивті жүйелерге де әсер етуі мүмкін.

«Нәрестелер COVID-19-бен сирек ауырады. Оларда жеңіл түрде өтіп, температура және аздаған жөтел болуы мүмкін. Бұл жағдайда көбінесе анасының иммунитетіне байланысты. Егер анасында жақсы иммунитет болса, бала өмірінің бірінші жылында оның антиденелері көптеген инфекциялардан қорғайды. Ең бастысы – бөтен адамдардың нәрестемен қарым-қатынасын азайту қажет. Бөтен адамдармен қарым-қатынаста сәбилер жиі стресс алады, бұл олардың иммунитетіне теріс әсер етеді.

Әзірге балалар арасында коронавирус инфекциясының салдары туралы нақты ақпарат жоқ. Аурудан кейін балалар ағзасының күш-қуатын толықтырып, дұрыс тамақтанып, белсенді демалып және балалардың жас санатына қарай күн тәртібін сақтау керек. COVID-19 қайта жұқтырмау үшін барлық алдын-алу шараларын сақтай отырып, балалардың денсаулығын сақтау қажет», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті.