2022 жылдың 10 айында осындай құқық бұзушылық үшін 56 адам әкімшілік жауапқа тартылды
ERNUR.KZ. Қостанай облысында Италия азаматшасы елден қуылды. Басты себеп - қос азаматтық, деп жазады inbusiness.kz.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, белгіленген мерзімде хабарламағаны және ел азаматтығын жоғалтқан адамдардың Қазақстан азаматының құжаттарын пайдаланғаны үшін үлкен айыппұл мен жауапкершілікті қатаңдатқанына қарамастан, мұндай фактілер әлі де бар.
"Мысалы, 2022 жылдың қазан айында облыс орталығының аумағында көші-қон қызметінің қызметкерлері 2017 жылдан бастап азаматтық саласындағы заңнаманы бұзған Италия азаматын анықтады. Қазақстан Республикасы азаматының шетел азаматтығын алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламауына байланысты осы жылдың 4 қарашасында Қостанай қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты Италия азаматын әкімшілік жауапқа тартып, Қазақстаннан шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылды", - деді Қостанай облысы ПД Көші-қон қызметінің бастығы Қайрат Дүтпаев.
Ведомствода азаматтар өзге мемлекеттің азаматтығын алған сәттен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ҚР Ішкі істер органдарын немесе шетелдік мекемелерді заңнамалық тұрғыдан хабардар етуі қажет екенін еске салды.
2022 жылдың 10 айында осындай құқық бұзушылық үшін 56 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның 12-сі ҚР аумағына 5 жыл бойы кіру құқығын шектей отырып, елден шығарылды.