ҚУАНДЫҚ Нұрайым: «Еріктілікпен өмірімнің соңына дейін айналысқым келеді»

0
334

Бүгін – Дүниежүзілік еріктілер күні.


ҚУАНДЫҚ Нұрайым: «Еріктілікпен өмірімнің соңына дейін айналысқым келеді»

Әлем халқы тіршілік пайдал болғалы бері түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп, шама-шарқы жеткенше күресудің арқасында өзіндік орнын сақтап келе жатыр. Мұндай жағдайлар қазіргі кезде тіптен жиілеп кетті десек, артық айтқандығымыз болмас. Дегенмен, көңілге демеу болатын бір жағдай бар. Ол осындай «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдерінде қиындыққа тап болған адамдарға көмектесетін еріктілердің көбеюі дер едік. Себебі, бірнеше жылдан бері қатары уақыт өткен сайын қалыңдап келе жатқан волонтерлар осы уақытқа дейін сандаған апатты реттеуге атсалысып, мыңдаған жанұяға жылулық сыйлап жүр. Сол себепті еріктілердің бүгінгі қоғамдағы алар орны айрықша деп айтуға әбден болады. Тиісінше, бүгін сол бір волонтерларды дәріптеп, мерейлерін асыратын «5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні» мерекесі атап өтіліп жатыр. Осы ретте жас та болса бас болып, ұзақ уақыт бойы айналасына қолдау жасап жүрген жас ерікті Қуандық Нұрайыммен тілдескен едік.


– Нұрайым, әңгімемізді аталмыш мерекенің шығу тарихынан бастасақ.

– Жалпы, бұл атаулы дата БҰҰ-ның бастауымен 38 жылдан бері тойланып келе жатыр екен. Тиісінше, бұл мерекені көптеген әлем елдері атап өтеді. Мұндай мерекені белгілеудегі басты мақсат – еріктілердің қоғамдағы орнын айқындап, оларды ынталандыру деп ойлаймын.


– Сіздің аты-жөніңіз бүгінде Түркістан облысына ғана емес, ел тұрғындарына да белгілі. Сәйкесінше, сіздің есім-сойыңызды білетіндер үшін өмірбаяныңыз да қызы деп ойлаймын.

– Айта кетер болсам, мен 2002 жылы сәуір айында қазіргі өңір орталығы – Түркістанда дүние есігін ашқан екенмін. Жаңадан құрылған Сауран ауданындағы Шорнақ елді мекенінде 9 жыл орта білім алып, содан кейін педагог болам деген арманымның жетегімен қаладағы көпсалалы қолөнер колледжіне қабылдандым. Жалпы, менің бойымда еріктілікке деген ынта бұрыннан бар сияқты. Ол қасиет кәсіптік білім алып жүрген кезде арта түсіп, «Жастар ұйымының» белді де белсенді мүшесі болдым. Кейіннен сол ұйымның вице-президенті болғанда еріктіліктің шынайы жүгін сезіне бастады деп ойлаймын. Сөйтіп, оқтын-оқтын іс-шаралар ұйымдастырып, біраз тәжірибе жинақтадым. Оның өзі үлкен өмірге бейімделудің алғашқы баспалдақтары болды деп білемін.


– Еріктілікпен айналысып келе жатқаныңызға қанша жыл толды?

– Жаңа ғана айтып өткенімдей, кәсіптік білім беру мекемесін оқуға түскеннен бастап еріктілікке жақын бола бастадым. Оның үстіне, оқу орнында жүріп қазіргі «Жастар рухы», жастар ресурстық орталығы сынды ұйымдармен бірлесе жұмыс атқардық. Бұл тұрғыда коледждегі ұйым мен ондағы белсенді жастар менің еріктілікпен айналысуыма көп септігін тигізді деп ойлаймын. Қандай ұсыныс болса да, бір-бірімізге қолдау көрсете білдік. Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2020 жылы «Еріктілер жылын» бекіткені менің есімнен ешқашан өшпейтін шығар. Өйткені, «Еріктілер жылы» менің тағдырыма үлкен өзгерістер мен жаңа бетбұрыстар алып келген уақыт болды. Тиісінше, сол кезден басталған еріктілік ынтамның арқасында бүгінде «Жастар рухының» мүшесімін, «Асар», «Тайқазан», «Жомарт жандар», «Лига», «Эковолонтер» сынды еріктілер ұйымдарының мүшесі болып, қолдан келгенше қоғамға пайдамды тигізіп жүрмін. Бүгінге дейін аталған ұйымдармен бірге біраз жұмыс атқардық.


– Еріктілік сізді қандай белестерге шығарды?

– Мәселен, осыдан екі жыл бұрын өңір аумағындағы жастар арасында «Үздік волонтер» номинациясына ие болып, еліміздегі колледж студенттерінің үздік жүздігіне ендім. «Jastar Otanga» деп аталатын жүлдеге ие болып, «Жастар рухы» ұйымының ұйғарымымен «Жыл белсендісі» атандым. Ода бөлек, мен үшін ұмытылмас сәттер мен телегей тәжірибе сыйлаған халықаралық іс-шаралар, оқу курастарына қатысып, көптеген көшбасшы жастармен байланыс орнаттым. «Үздік студенттер» академиясына қабылданып, Қазақстан Республикасындағы жастардың «Алтын кітабы» байқауында топ жарып, «Алтын төсбелгіге» ие болдым. «Қазақстан жастарының 100-жаңа есімі» деп аталатын байқауда да жүзден жүйрік шығып, «100 жаңа есім» төсбелгісін тағындым. «Елбасы медалінің» иегері атанып, үш жыл бұрын «Қала патриоты» аталымын қанжығаға байладым. Жалпы, мұның барлығы мен үшін мақтаныш. Бірақ, бұл жетістіктер менің адами қалпыма кері әсерін тигізбейді, керісінше ынталандыра түседі. Себебі, қарапайымдылығын жоғалтқан адам еріктілік жолдан да шығып кетеді деп ойлаймын.

– Осы уақытқа дейін қандай қоғамдық жұмыстарға атсалыстыңыз?

– Қазір ойлап отырсам, менің еріктілікпен айналысып жүргеніме 5-6 жыл болып қалған екен. Аталған уақыт аралығында өңірдегі он мыңға жуық адамға қол ұшын созып, қандай да бір көмегімізді тигіздік деп айта аламын. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға азық-түлік ұйымдастыру, қайырымыдылық жасау сынды жұмыстар бар. Сондай-ақ, бірер жыл бұрын өңіріміздегі ақ алтынның Отаны – Мырзашөл өңірін топан су басып, төтенше жағдай орын алған болатын. Сол кезде еріктілер болып бірнеше ай бойы зардап шеккен халыққа көмек көрсеттік. Қостанайдағы тілсіз жаудан зардап көрген азаматтарға, бауырлас Түркия еліндегі жер дүмпуінен жапа шеккен жандарға да шамамыз жеткенше қол ұшын создық. Экологиялық бағытта өңіріміздің оннан астам нүктесінде сенбіліктер ұйымдастырдық. Айта берсек, атқарған іс баршылық қой. Бірақ, мұның бәрін замандастарымызды қатарға қосу мақсатында қозғап отырмыз деп ойлаймын.


– Бүгінгі еріктілердің бойында қандай қасиеттер болуы қажет деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда еліміз еріктілерден кенде емес. Алайда, кейбір адамдардың жүрегінде мейірімділік сезімі тапшы болып жатыр ау деп ойлаймын. Кей замандастарымыздың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейі де қиындау. Ал, жанында мейірім болмаған, өзгелермен бір тудың астында бас қоса алмаған адамның ерікті болуы екіталай.


– Еріктілер мемлекет ұстанған жастар саясатын іске асыруға үлес қоса ма?

– Ел Президенті өзінің әрбір үндеуінде қазақ халқының бір-біріне жанашыр болғанын, қиын сәттерде бірлікпен тірлік еткенін жиі айтады. Мемлекет басшысының осы бір ойларының өзі еріктілердің елді дамытуға қандай үлес қоса алатынын аңғартып тұрғандай.


– Ал, жергілікті билік өкілдері еріктілерге қандай көзқарас танытады?

– Жалпы, Түркістан өңіріндегі еріктілер қозғалысы жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Себебі, облысқа қарасты он жеті аудан-қалада волонтерлар қатары артып келе жатыр. Сәйкесінше, билік өкілдері тарапынан жасалатын қолдау да жеткілікті.


– Биыл елордада өткен еріктілер форумына бардыңыз. Сол іс-шарада нендей ойлар ортаға салынды?

– Биылғы еріктілер басқосуы айрықша өтті. Әртүрлі тақырып бойынша ұйымдастырылған сессиялық отырыстарға қатысып, дүниежүзіндегі еріктілердің тәжірибесіне қанық болдық. Соның ішіндегі ең ерекше тақырып – «Экологиялық мәселелерді шешудегі волонтерлердің үлесі» деген тақырып екен болды. Сондай-ақ осы фрум шеңберінде елімізден шыққан тұңғыш ерікті –Телжан есімді кісімен таныстым. Бұл кісі өзге елде жүрген сәтте қара нәсілді әйелді босандырып, ананың да, баланың да өмірін сақтап қалған екен. Тіпті сол нәрестеге ағамызды атын беріпті. Жалпы, бұл форум еріктілердің білім-білігін арттырды десем, қателеспеймін.


– Еріктілер қозғалысын бұдан да жоғары деңгейге көтеру үшін қандай жұмыстар қолға алынғаны дұрыс?

– Еріктілер қашан да қиындыққа тап болған адамдардың жанынан табылады және қызметі үшін ақы сұрамайды. Сондықтан, оларды ынталандыру үшін жиі-жиі үздіктерді анықтап, марапат жасап тұрса болады. Еріктілер бас қосатын лагерь де жиі ұйымдастырылса жөн болар еді. Дегенмен, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар да жаман емес.


– Ерік ретінде кімді үлгі көресіз?

– Осы кезге дейін бір адамды үлгі тұтпаған екенмін. Алайда, елордада өткен форумнан соң, жасы тоқсанға таяп қалған Тельжан атамыздан алатын үлгі-өнеге көп екен деп ой түйдім. ешкімді үлгі етпеген едім. Өйткені, ол адам барша азаматқа ерікті болу үшін жас маңызды емес екендігін дәлелдегендей.


– Қай уақытқа дейін волонтер болатын жоспарыңыз бар?

– Негізі қоғамға пайда тигізетін жұмыстармен ғұмырымның аяғына дейін айналысқым келеді. Себебі, бұл бағыттағы ісімді барлық жақындарым қолдап келеді. Келешекте өмірлік жарым да ерікті болғанымды қолдайды деп үміттенемін.


– Әңгімеңізге рахмет!


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ