Оның айтуынша, қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына тиісті көмек беріліп жатыр.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Оның айтуынша, қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау және Қызылорда облыстарына тиісті көмек беріліп жатыр.
«Бұл өңірлерге барып, шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайын көрдім. Жемшөп бағасын арзандату мақсатында аталған 2 облысқа үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Маңғыстау облысындағы шаруаларға ақша беру басталды. 20 тамыздан бастап Қызылорда облысындағы шаруаларға қаржы беріледі»,– деді министрдің міндетін атқарушы жедел штабтың отырысында.
Маңғыстау облысында жемшөп дайындауға 5,13 млрд теңге бөлінуі мүмкін. Бұл республикалық бюджетке қайтарылуға тиіс қаржы.
«Қаржыны пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр. Осы жұмыс аяқталса, 5,13 млрд теңгені мал азығына жіберу мүмкіндігі туады», – деді басшы.
Сондай-ақ Маңғыстау және Қызылорда облыстарына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ тарапынан нарықтағы бағадан 17% төмен 1,7 мың тонна арпа сатылғанын, ол шаруа қожалықтарына берілгені айтылды.
«Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жемшөп тасымалдауға арналған теміржол тарифінің бағасы нарықтағы бағадан 77% төмен болды. Бұл тариф тамыздың аяғына дейін сақталады. Осыған дейін ол шілденің аяғына дейін болған»,– деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар ол табиғи резервтер, қорықтардан жемшөп дайындауға рұқсат берілгенін айтты.
«Осыған байланысты шаруашылықтарға 211 мың тонна гектар жер шөп шабуға берілді. Онда шөп дайындау жұмысы басталып кетті. Өңірлерге жепшөп дайындау үшін қосымша 44,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға таратылып жатыр»,– деді.
Сөз соңында Ербол Қарашөкеев Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жемшөп дайындауға жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Жемшөп мәселесін шешуге жергілікті әкімшіліктердің де мүмкіндігі пайдаланып жатыр. Жергілікті бюджеттерден осы мақсатқа 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның сыртында қосымша 4,5 млрд теңгені бөлу мәселесі мәслихаттардың қарауында. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша шешім шығады деген үміттеміз», – деп түйіндеді сөзін министрдің міндетін атқарушы.