Құлсары қаласында сауда орындары ашылып, автобус жүре бастады

0
523

Оның ішінде 100 азық-түлік дүкені, 2 ірі супермаркет, 3 ірі көтерме сауда базары бар.


Құлсары қаласында сауда орындары ашылып, автобус жүре бастады

ERNUR.KZ. Атырау облысындағы Құлсары қаласында сауда үйлері ашылып, қоғамдық көлік қатынай бастады, деп жазады inbusiness.kz.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың айтуына қарағанда, суда орындары қалыпты жұмысына кірісті. Оның ішінде 100 азық-түлік дүкені, 2 ірі супермаркет, 3 ірі көтерме сауда базары бар. Сондай-ақ, 20-ға жуық дәріхана қайтадан ашылды.

"Қаладағы қоғамдық тамақтану орындары да қалыпты жұмысқа кірісті. Тәулік бойы жұмыс істейтіндері бар. Сауда орындарының иелеріне түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бағаны негізсіз қымбаттатпауды қадағалап отырмыз", - деді Гүлнафис Айшуақова.

Сондай-ақ, "Батыс Тех Инвест" ЖШС басшысы Әуез Әбіләкімтің мәліметіне сүйенсек, жолаушы тасымалдайтын қоғамдық көліктер рейске шықты.

"Төтенше жағдай жарияланғанға дейін Құлсары қаласында 55 автобус 12 бағытта жолаушы тасымалдаған еді. Қазір қалада 14 автобус 4 бағытта жолаушы тасымалдап жүр. Бұдан бөлек Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Майкөмген, Жем ауылдық округтеріне қатынайтын автобустар қалыпты жұмысына кірісті", - деді Әуез Әбіләкім.

Оның айтуынша, Құлсары қаласының көшелері судан тазартылған соң қоғамдық көлік саны артады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсары қаласының көшелерінен 250 мың текше метр су сорылғанын хабарлаған болатынбыз.