Қытайдағы қазақ жігітінің мейрамханасы «Бейжіңнің ең дәмді бургерлері» атағын жеңіп алды

0
594

Қазақ жігіті Қытай астанасының қақ ортасындағы мейрамхананың ортақ иеленушісі.


Қытайдағы қазақ жігітінің мейрамханасы «Бейжіңнің ең дәмді бургерлері» атағын жеңіп алды

ERNUR.KZ. Қытайлар – ас ішіп, аяқ босатушы ғана емес, тағамның дәмін келтіріп оны қалай дайындаудың да асқан шебері, деп жазады 24.kz.

Амандасқандағы сөздерін аударсақ, тамақтандың ба дегенді білдіреді. Бірақ сол ас қадірі мен оны дайындауда қиыннан қиыстыратын қалың қытайдың арасында қазақтар да бар. Яғни, сол көптің ішінде өнерін асырып, дәмді бургерімен аты шыққан отандасымыз Дәулет Исабеков Бейжіңде мейрамхана ұстап отыр.

Дәулетті күнде өз жұмыс орнынан табасың. Қазақ жігіті Қытай астанасының қақ ортасындағы мейрамхананың ортақ иеленушісі. Өз айтуынша, кәсібінде ата-анасының тәлім -тәрбиесі мен қазақтың қонақжайлығы көп көмек берген. Мұның сыртында бәсеке көп болғандықтан тынбай еңбек ету қажет. Бұл да өз жемісін беріп жүр. Былтыр мейрамхана «Бейжіңнің ең дәмді бургерлері» атағын жеңіп алды.

"Өте қуандық. Бұған жету үшін ұзақ уақыт кетті. Қиын болды, өйткені бұл індет басталған жыл еді. Кейбір мейрамханалар жабылды, бірақ біздің жолымыз болды. Қонақтарымыздың саны едәуір артып, Бейжіңде атымыз шықты. Бізді бәрі біледі және қаланың өзге аудандарынан арнайы бізге келеді", - дейді Дәулет Исабеков, Бейжің қаласындағы мейрамхана иесі.

Мектеп бітіргеннен кейін Дәулет Бейжіңдегі дипломатиялық академияға оқуға түседі. Алғашында мемлекеттік қызметке орналасуды көздеген еді. Бірақ кейін бизнеске көңілі ауып, өз кәсібін ашты. Бірақ табыс оңай жолмен келмейтінін біледі. Былтыр Қытайда індет өршіген кезде талай қиындықты бастан кешкенін еске алады. Дәмханалар жабылып, тек ас жеткізу қызметін оңтайлы пайдаланудың арқасында кәсібін дамыта алды. Пандемия мейрамхананы басқару ережелерін де өзгертті.

"Бірден екпе салдық, бұл міндеттелген. Бізді жиі тексеріп жүрді. Көптеген орындарда асүй ашық болуы керек. Бізде ашық болмағандықтан, ішінде не болып жатқанын көрсететін камералар орнатылған. Тазалықтың жаңа стандарттарын енгіздік, қызметкерлеріміз кіреберісте QR-кодты сканерлеуі тиіс", - дейді Дәулет Исабеков.

Пандемия Дәулеттің өмірін де өзгертті. Жақындарын көрмегеніне – екі жыл. Қытай әлі күнге дейін елге келу ережелерін қатаң сақтап отыр. Қазір Дәулет Бейжіңде жаңа мейрамхана ашуға дайындалып жатыр. Ал болашақта Қазақстанға оралып, кәсібін елде өрлетсем деген арманы да бар.