Қызылорда облысында бүлдіршін мұрнына кіріп кеткен темір бұрандамен алты ай жүрген

0
228

Бала шрупты құрылыс алаңында мұрнына кіргізіп алуы мүмкін деген болжам бар.


Қызылорда облысында бүлдіршін мұрнына кіріп кеткен темір бұрандамен алты ай жүрген

ERNUR.KZ. Қызылорда облыстык көпбейінді балалар ауруханасында 4 жасар бүлдіршінге ота жасалды, оның мұрнына үшкір шруп кіріп кеткен. Отаны ауруханадағы ең жас маман Айбол Қонысбаев жасаған, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Айбол Қонысбаев Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасындағы ең жас маман. Астанадан туған жеріне жолдамамен келіп, еңбек етіп жүргеніне екі ай болған. Күнделікті отамен қауырт жүгіріп жүрген дәрігерге 300 шақырым жерден ат арытып баласын жетектеген ана келеді.
"Анасың айтуынша, 6 ай бойы баласының мұрнынан иіс шығатынын айтып, жергілікті дәрігерлерге қаралған. Рентгенге түсіргенде мұрын қуысында бөгде зат бар деген. Бізге келгенде де рентген жасадық. Сол кезде темір бұрандының барын көрдім. Баланың мұрнының ішінен қарасам, бөгде зат көрінбеді, ал рентген басқаша көрсетіп тұр", - дейді лор-дәрігер Айбол Қонысбаев.
Баланың анасына дәрігер ота жасауды ұсынады.
"Эндоскопиялық камераның көмегімен шрупты тауып, алып шықтым, анасының қолына бердім. Қан тоқтату үшін 24 сағат тампоназа жасалды. Қан көп кеткен жоқ. Отадан кейін үш күн бақылауда болды. Қайталап сараптама жасалып, нәтижесі жақсы болған соң үйіне шығарылды", - дейді лор-дәрігер.
Бала шрупты құрылыс алаңында мұрнына кіргізіп алуы мүмкін деген болжам бар.
"Анасының айтуынша, 6 ай бұрын үй маңында құрылыс болған. Бүлдіршін атасына жақын болғандықтан құрылыс болған жерде қасына еріп жүрген. Сол кезде шрупты мұрнына кіргізіп алуы мүмкін дейді. Анасы әу баста гайморитпен ауырып қалды деп ойлаған", - дейді Айбол Қонысбаев.
"Шруптың формасы белгілі ғой, ал мына шруп 6 айда шіріп, формасы да бұзылып кеткен. Ұзындығы 2 сантиметр. Тіндермен жабысып қалған, соны ажыратып алып шықтық. Біз дәрігерлер өзіміз таңқалдық. Негізі балалардың бөгде затты жұтып қоюы, мұрын, құлақ тесігіне кіргізіп алуы жиі кездеседі. Оны анықтау уақыты да тез. Бірақ үлкен затты алам ағзасында осылай ұзақ уақыт болуы, етпен ет болып бітіп кетуі өте сирек жағдай", - дейді Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасыныңі лор-дәрігері Айбол Қонысбаев.