Мемлекеттік сатып алу-2025: 5 айда жасалған келісімшарттардың көлемі 5 трлн теңгеге дейін ұлғайды

0
115

Үкімет отырысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.


Мемлекеттік сатып алу-2025: 5 айда жасалған келісімшарттардың көлемі 5 трлн теңгеге дейін ұлғайды

ERNUR.KZ. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Мемлекеттік сатып алу туралы заңның алғашқы нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Биылғы 5 айда мемлекеттік келісімшарттардың рекордтық көлемі байқалды – жалпы сомасы 5 трлн теңгеге 845 мың келісімшарт жасалған. Былтырғы кезеңде 2,4 трлн теңгеге 660 мың келісімшарт тіркелген, яғни өсім айтарлықтай артқан, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес ұлттық режімнен алып қою тізбесі едәуір кеңейтіліп, бұл шетелдік өндірушілерге мемлекеттік сатыпалымның белгілі бір санаттарына қатысуын шектеді. Аталған тетікті қолдану оның тиімділігін көрсетті. Бұл амал отандық тауарлардың сатыпалым саласындағы үлесін арттыруға септігін тигізіп, жергілікті өндірісті дамытуға жол ашады.

Заңда Қаржы министрлігі бекіткен тізім мен көлемге және қағидаларға сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерінен сатып алудың басымдыққа ие тәртібі қарастырылған. Бұл шешім ШОБ субъектілерінің мемлекеттік сатыпалымға қатысуын күшейтуге, сондай-ақ отандық шағын және орта буын кәсіпорындарын тұрақты тапсырыс пен олардың орнықты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы арқылы елімізде кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту ісін дамытуға қосымша жағдайлар жасалып отыр.

Бұдан басқа, офтейк-келісімшарттарды бір көзден алу тәсілімен жасасу практикасы жоспарлы түрде енгізіліп жатыр. Осы тәсіл әсіресе өнімді сатудың ұзақмерзімді кепілдіктерін қажет ететін кәсіпорындар үшін өте маңызды.

Қазір іске асырылған жұмыспен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары жалғасып келеді. Мемлекеттік сатып алу ережелеріне бірқатар жаңа түзету енгізілмек. Олар келісудің соңғы сатысында тұр және жақын арада қабылданатын болады. Негізгі өзгерістердің қатарында отандық тауар өндірушілер үшін авансты 30 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту, жеткізу мерзімін 15 күннен 60 күнтізбелік күнге дейін арттыру, сондай-ақ төлем мерзімін 30 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күніне дейін азайту сынды жаңашылдықтар бар. Аталған реформа қызмет көрсетушілердің өтімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қосымша отандық тауар өндірушілер үшін 3 пайыз мөлшерінде шартты жеңілдікті енгізу, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілер тізіміне қосу процесін автоматтандыру қарастырылып отыр.

Осы шаралар әкімшілік жүктемені азайтуға, рәсімдерді жеделдетіп, отандық бизнес үшін сатыпалым жүйесінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

«Сыбайлас жемқорлықтың сын-қатеріне жол бермеу үшін өндірушілерді отандық тауар өндірушілер тізіміне енгізудің толық автоматтандырылған процесі іске асырылды. Тізімді өнеркәсіп мақсатында пайдалануға енгізу биылғы төртінші тоқсанға жоспарланған. Тұтастай алғанда, мемлекеттік сатыпалым жүйесінде отандық өндірушілерді қолдау әрі тауар өндірушілер тізімін автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасады», – деді қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил.

Жаңа заң Қазақстанның өндірушілері мен кәсіпкерлерге сатыпалым процестеріне қатысу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтіп, қажетті рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мен бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсер етеді.

Цифрландыру мен ынталандыру амалдарын енгізу арқылы мемлекеттік сатыпалым процесі жергілікті бизнесті жолға қойып, жұмыспен қамту мен республикадағы өнеркәсіп әлеуетін дамытудың пәрменді құралына айналды.