Әбілқасымованың айтуынша, ынтымақты және базалық зейнетақыны қосқанда, орташа зейнетақының мөлшері – 81 093 теңге, ал жинақтаушы зейнетақымен бірге 100 мың теңге шамасында
фото:Sputnik.
ERNUR.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова зейнетақының ең жоғары және ең төменгі мөлшерін атады, деп жазады Sputnik.
"Қазіргі уақытта ынтымақты және базалық зейнетақыны қосқанда, орташа зейнетақының мөлшері 81 093 теңгені құрайды. Ал жинақтаушы зейнетақымен бірге есептегенде, орташа мөлшер 100 мың теңге шамасында. 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны көтердік, нәтижесінде зейнетақы мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда 23 процентке өсті. Былтыр 66 мың теңге болса, қазір 81 мың теңгені құрайды", — деді министр үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Әбілқасымова Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы мөлшерін де атады.
"Ең төменгі мөлшері – 49 019 теңге. Бұл зейнетақыны еңбек өтілі расталмаған зейнеткерлер алып отыр. 2 миллион зейнеткердің 30 проценті еңбек өтілі 10 жылдан асатынын растай алмады. Яғни олардың зейнетақысы өскен жоқ. Базалық зейнетақы оларға күнкөріс деңгейінің 54 проценті шамасында төленеді. Ең алдымен, бұл еңбек өтілімен байланысты", — деді ведомство басшысы.
Айта кетсек, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны төлеу тәртібі өзгерді. Егер бұған дейін барлық зейнеткерге базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде немесе 15 274 теңге төленсе, онда 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артты.
Еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлдем жоқ азаматтарға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде белгіленеді. Яғни 15 274 теңге. Ал егер еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2 процент үстеме қосылады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан асатындарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы немесе 28 284 теңге төленеді.