Мұз астына түсіп кеткен көліктен екі адамның денесі шығарылды

0
133

Көлік 35 жастағы қала тұрғынына тиесілі болып шықты.


Мұз астына түсіп кеткен көліктен екі адамның денесі шығарылды

Фото: видеодан алынған кадр

ERNUR.KZ. Оқиға куәгері бірден 102 нөміріне қоңырау шалғанын айтады, деп жазады inbusiness.kz.

Қала тұрғыны жексенбі күні кешкі 18:00-ге таман Қазақ-түрік лицейінің маңында мұз үстімен сырғанап жүрген көк түсті "Лада" көлігін көрген. Сәлден соң мұздың жарылып, көліктің су астына кеткенінен хабардар болған. Аталған жайтпен жауаптыларды хабардар етеді.

Оқиға орнына келген полиция мен құтқарушылар су астынан көлік нөмірін алып шығып, оның 35 жастағы қала тұрғынына тиесілі екенін анықтаған.

Полиция мәліметінше, батып кеткен көліктен екі жас жігіттің денесі шығарылған. Олар – 35 және 38 жастағы қала тұрғыны.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның "Самал" шағынауданы маңында болғанын хабарлады.

– Өзенге батып кеткен көлік құралынан табылған екі ер адамның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Мүрделер сараптамаға жіберілді. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, – деді жауапты ведомство.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі құтқарушылардың көлік пен адам денесін судан шығаруға көмектескенін жеткізген.